Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  85


Автор: Ғафу Қайырбеков

Қайтасыңдар-ау, қыздар-ай...

Қайтасыңдар-ау, қыздар-ай,
Биыл гүлі жанған дөңдерге,
Қайтасыңдар-ау, қыздар-ай,
Биыл суы толған көлдерге.
Кешегі үркек құлыншақтар
Бүгін құлын боп өсіп барады-ау,
Кешегі қысқа тұлымшақтар
Бүгін бұрым боп өсіп барады-ау.
Кеше ана қойнында тулағандар,
Бүгін жатқа кетіп жылар ма екен,
Кеше жалғыз төсекке сыймағандар,
Бүгін жар қойнына сыяр ма екен?!
Ия, сендер бұлақсыңдар ғой
тұнып қалып,
Қайта зулап аға алатын,
Сылқ-сылқ күліп барып
Көл қойнында жоғалатын.
Өмірсіңдер ғой, өмір шіркін
Тумай, өспей тұра алар ма!
Келер қыздар толқын-толқын,
Тұрмас дүние бір арнада.
Сол толқындар соғар дүркін,
(Қанша соқса мейлі ғой).
Арманы көп қайран ақын
Жартас болсам дейді ғой.
Қайтасыңдар, қыздар-ай,
Келесіңдер-ау, қыздар-ай,
Сол кетіс пен келіске
Шыдар екенбіз біз қалай?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу