Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  82


Автор: Ғафу Қайырбеков

«Ат жарыс» атты ипподром

«Ат жарыс» атты ипподром
Пятигорск түбінде.
Аузымен бұлтты қапқан кілең
Арғымақтар дүбірге
Басады дейсің, топ-тобымен
Жексенбінің күнінде.
Дүниежүзілік Аукцион –
Ат-жəрмеңке қызады.
Саңғыр-сұңғыр, айқай-сүрен
Ауаны сарт-сұрт сызады,
Бірінің бірі айтқан, берген
Бағасын жиі бұзады.
Франк, доллар, стерлингтер
Ауыздан ауыз алып қашқан.
Ақ көбікке түскен жүйріктер
Ол айқайдан түк ұқпастан,
Жел үрлесе, үстен сырғып тер,
Қайта басын шұлғып басқан.
Сол мезетте шықты бір ат
Басы аспанда, баран түсті.
Жұрт сілтідей тынды бұл сəт,
Елдің көзі соған түсті.
Екі жүз мың доллар жұмсап,
Алмақ болды бір нəн күшті.
Сол-ақ екен нарықтан нарық
Мінгесті кеп бір-біріне,
Бес жүз мыңға шарықтап барып,
Жұрт алдында тұрды міне,
Оны берген адамның халық
Таңырқасты ерлігіне.
Баяғы Хаммер – миллионер
Лениннен рұқсат қағаз алған,
Сауда ісіне кəнігі шебер,
Жасы сексенге тақап қалған,
Орнынан тұрды, дүрлігіп ел,
Тынды байлар шалқақтаған.
«Милион!» – деді сонда шалың,
Бағып жұрттың əуселесін.
«Бұған, кəне, салғасар кім?»
Алды жаршы ел зəресін.
Сонау биікке барған санның
Түс болмаса, өң емесін.
Айтып, сенбей дүрлікті жұрт,
Қалды Хаммер көпті бағып,
Соншама елді бір бұқтырып,
Омырауын желпіп алып,
Шылбырынан ұстады да,
Хас тұлпарды кетті қағып.
Еркі өзінің – жұрт не десін,
Енді қайтсін дүниені
Көрінгенде жер төбесі,
Бар байлықтан биік еді,
Лениннің Отанынан
Бір ат міну мəртебесі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу