Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  69


Автор: Ғафу Қайырбеков

СƏБЕҢ ЖАРЫ

Бар халықтан бақ, құрмет тапқан ақын –
Сəбең өзі семьясына мақтанатын.
Сан сапар жайындағы хикаясы:
«Қасымда Мəкең бар», – деп басталатын.
Ол сөздің мағынасын байыптамай,
Алайда оны жəне айыптамай,
Сөзіне ауыз ашып, тыңдайтынбыз,
Қайтадан тарихтарға барып талай.
Дейтін ол: – сөзге түнеп, жырға қонған
Дүниеде талай ұлы тұлға болған.
Солардың көбі əйелден серік таппай,
Жандарын жастайынан мұңға малған.
Құдайға шүкір, біздің Мəкең! – дейтін
Қолыма заты болсайшы əпермейтін.
Мен əке, мен баламын, мен данамын –
Жерім жоқ «мынау ісім қате» дейтін.
Бұл Сəбит отағасы – отым – Мəкең,
Қасымда күнде маздап отыр Мəкең.
Сол оттан шашыраған қалың сəуле –
Балалар барда бақыт олқы ма екен?
Сендерге айтар адал бір шындығым,
Құрметтеп жатса мені жұртым бүгін,
Еңбектің арқасы емес жалғыз ғана –
Ол – менің семьяда бүтіндігім!
Етемін соған тəубе, соған шүкір,
Сондықтан сөздерімде менің бүкіл
Шұбырып Мариямның аты жүрсе –
Ағайын, сен онымды заңды деп біл! –
Дер еді жайсаң Сəбең жарықтығың,
Сол сөздің енді білдік анықтығын.
«Сəбит!» – деп оянады күнде Мəкең,
Жата алмай жалғыз өзі алып тыным.
Дүниеде ең мол нəрсе – теңіз дейді,
Теңіз де өзіне жар, тең іздейді,
Өмірінің бар мағынасы – Сəбең болса,
Сəбеңді Мəкең іздемей кім іздейді?
Сұрайды қаладан да, ауылдан да,
Үкіметтен, ағайын-дос, бауырдан да.
«Сəбитті көрдіңдер ме? Қайда байғұс?
Жоқ едім қасында оның ауырғанда.
Қап, тəңірі-ай, шөлдеп қалды-ау, енді
қайттім?
Барма деп жалғыз жолға талай айттым?» –
Дер Мəкең, қайран Мəке, қайдан білсін
Сұмдығын ажал деген ғаламаттың.
Дариға-ай, Мəриям – ана жоқтауындай
Жоқтауы болмас, сірə, əйел заттың.
Жəне де одан да артық кісі білмес
Опасыз екендігін дəулет, бақтың!
Болмаған бұдан ерге мықты зайып,
Оны біз əулие десек, тіпті лайық.
Сондықтан Мəкең үшін, ана үшін
Бас иіп, орнымыздан тік тұрайық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу