Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  73


Автор: Ғафу Қайырбеков

БАЛА ЕРЖЕТСЕ

(Тұманбайға)
Əлі біздің судан шықпай кемеміз,
Əлі көктің ақша бұлтын емеміз.
Дүниенің дөп-дөңгелек екенін
О, құдірет! Жаңа біліп келеміз.
Кеше ғана жап-жас ақын Тұман-ай,
Кеше ғана шыққан күн мен туған Ай.
Кеше ғана шілдехана, ақ бесік,
Кеше ғана жап-жас сəби Құралай!
Бəрі солай қаз қалпында тұрар деп
Өмір, бізді алдағаның бұ қалай?
Шыбық өсіп, шынар болған күн екен,
Ол аспанға құмар болған күн екен.
Кеше ғана жап-жас келін Күлтайдың
Қызын қимай жылар болған күні екен!
Жайлау іздеп қырға қашты жас киік,
Тұяғына алғаш рет тас тиіп.
Соның жолын бере гөр деп қол жайып,
Біз отырмыз сақалымыз сапсиып!
Бəрі мұның – тіршіліктің қуаты,
Бəрі мұның – адамзаттың мұраты.
Бəрі мұның – атамыздың мұрасы,
Сол баяғы өріс, қоныс, суаты!
Айтылмаған асыл тілек қалған жоқ,
Ақ батаның бір сөзінде жалған жоқ.
Өзі сəби, өзі қыздай ақынның
Қызын алған азаматта арман жоқ.
Бұл сапарда жолың болсын, Құралай!
Əке аруағы саған қонсын, Құралай!
Сен аса бер асуынан өмірдің
Жалтақтамай, жер жағдайын сұрамай!
Киік баласы жортар жолын қарамас,
Өмір алда көк тұманы аралас.
Елің артта сеніменен баталас –
Ал, даланың самалына жағаны аш!
Ал, заула бір тұрмыс деген қиянда!
Заулашы бір ұқсап ұшқыр қиялға.
Тұрсын əкең таңырқап та сүйсініп,
Сенің қарап сенің өскен ұяңда.
Алда сонау биік бақыт жотасы,
Жорт, кəнекей, асыл пардың ботасы,
Қабыл болып, алдан шығып қарсы алсын,
Жаны аяулы жақсылардың батасы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу