Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  140


Автор: Ғафу Қайырбеков

ОТАН ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

«Қашанда елі екен ғой – ер қазығы».
Қайда бар елден бөтен жан азығы –
Дегені əлі есімде қазақ шофер,
Дунаймен жүзгенімде ана жылы.
Екеуміз палубада тұрдық қатар,
Жігітке дəурен екен қызық сапар.
Көл-көсір Европаның ерке өзені –
Есіліп астымызда Дунай жатар.
Сағындым, – деді бауырым, – өз елімді,
Даламды, Сырдариядай өзенімді.
Үлкенге беретұғын сəлемімді,
Кішіге айтар ақыл сөздерімді.
Көрдік қой алтын айдар қаласын да,
Секілді кереметтің бəрі осында.
Аралдың ақ шабағы жалт-жұлт етіп,
Түсімнен шықпай қойды, нанасың ба?!
– Оның не? – дедім сөзін ұқпағансып, –
Жатқанша жаман күбі жұртта қаңсып,
Ішіне айран құйып алып шықсаң,
Ішпей ме шөлдегенде жұрт таласып? –
Қарады. Бұл сөзімді күрсінді ұқпай –
Өмірі естімеген бір сұмдықтай.
– Не дедің, түсіндірші? – деді ол сосын, –
Адамның ақылсынып мысын құртпай.
– Деп тұрсың ел – қазығым, ел – тірегім,
Мысалы күбі деген – көкірегің.
Айраның – сағынышың – соны да ұқпай,
Сормаңдай неғылған бір соқыр едің? –
Дегенде, сақылдап кеп күлді қазақ,
Бұл сөздің енді мəнін білді қазақ.
Жас тұнып қара көздің шарасына
Кірпіктен тамып кетпей тұрды аз-ақ.
2
– Ойпыр-ой, содан бері өтіпті апта,
Құс келіп, ұя салып біздің жақта.
Жатыр-ау азан-қазан Сырдың бойы,
Асылып күн сəулесі жас құраққа.
Жөндеуден жаңа шыққан машиналар
Шашылып шаңды жолмен шар тарапқа.
Даланың шұбатылған шуда жолын
Ұршықтай жинап алып доңғалаққа.
Итеріп көкжиекті иықпенен,
Аялдап, шылым шегіп ел аулақта.
Содан соң тағы заулап тартып кетсең,
Екпінмен жеткізбейтін атқан оққа.
Біреулер жол үстінде сен секілді
Дегенге қарамасам «тоқта, тоқта».
– Шынында, тоқтасайшы! – дедім күліп, –
Желіккен кеудесінің желін біліп.
Бір өзі палубаға сыяр емес.
Тебініп, аяғына тебінгі іліп.
Өзі де күреңітіп кеткен екен,
Сабазың бағасына жеткен екен. –
Ал, міне, сағыныштың əлегі осы, –
Жүргенде жолың шалғай шетте бөтен.
Алқынып, алды біраз терін сүртіп,
Қалтасын əрі тінтіп, бері тінтіп.
Балықтың кеуіп қалған бір сынығын
Тауып ап, тіске басты сілкіп-сілкіп.
– Сайран ғой, емес қой бұл қуғын-сүргін,
Бəрі де аман шығар үй ішіңнің –
Ертең-ақ қауышарсың, – дедім-дағы,
Өзім де теріс қарап бір күрсіндім.
Күрсіндім батар күннің алауында,
Түтіні туған үйдің танауымда.
Кемеден СССР – деген жазуды оқып,
Қарадым нарттай қызыл жалауына.
3
– Содан соң, – деді əлгі Сыр қазағы, –
Анық қой осы жолдан жыр жазарың.
Сен əлгі сағынышымды ешкімге айтпа,
Аударып қайтесің сол жұрт назарын.
«Иесі шығасыға басшы» деген,
Жерім жоқ өзіме-өзім қас тілеген.
Уыты өлең сөздің естуімше
Жуаның өзегіндей ащы деген, –
О, тəйірі-ай, ел сағыну кінə ма екен,
Бір-бірін ер алыста сынай ма екен,
Құдай да жерге түссе – көк сағынар,
Сағынбас жұрттың бəрі құдай ма екен?!
– Деп едім, – риза болып қалды байғұс,
– Барғанда жылы жаққа бір алты ай қыс.
Біз түгіл, қанаттанып ұшқан ұя,
Мекенін сағынады құртымдай құс.
Сол ғұрлы жоқпыз ба, – деп, қалбалақтап,
Шағады шылымына қайта шақпақ.
Бір шумақ сағыныштың түтініндей
Ауада ақ сақина асылып қап.
4
– Қанша жыл, қанша жолмен жүк тасыдым,
Қол талды, көз бұлдырап, иық та ашыды.
Көңілімде бəрі соның жазулы тұр –
Қай жолдың, қай асудың жуық, қашығы.
Қай жердің қалың еді батпақ-соры,
Қай жердің қыста қиын қатпақ тоңы,
Қай жолдың қайда қанша тарауы бар,
Ауызым ұйқтап жатсам – айтпақ соны.
Дала ғой менің үйім, шофер үйі,
Айналған даламен бір басы, миы.
Дүние төрт доңғалақ секілденер,
Мəңгілік дөңгеленген осы күйі.
Даланы хақым бар ма сағынбасқа,
Сап жүктің сан жолдағы орны басқа.
Сан рет қасіретті де тасығанмын,
Кешегі ауыр жылда қайғы баста.
Енді мен бақыттымын, жыл ауысты,
Тасимын ел ішіне қуанышты.
Тасимын жүйрік көңіл, жыр мен əнді,
Тасимын алтын астық, мол ырысты.
Тасимын шай-қант, киім, мата бүгін,
Тасимын, болашақтың артам жүгін.
Осының бəрі маған жол əперген
Кең байтақ арқасы ғой Отанымның!
Отанды шетте жүрсең біледі екенсің,
Мұнда сен миллион емес, біреу, екеусің –
Үйренген ортақ іске өз ортаңды
Сағынып, əрең-əрең жүреді екенсің.
Қой, мені жеткіз, кеме, өз далама,
Даласыз шофер сөзі – сөз бола ма.
Отансыз ошақ бола ма, от бола ма,
Маңдайсыз жарқыраған көз бола ма? –
Деп, менің философым кетті шалқып,
Еш адам оның сөзін демеді артық.
Жүзгендей болды маған осынау сөзді
Жалауы желбіреген кеме де айтып.
Сол кезде СССР-дың гимні ойнап,
Көтеріп көк Дунайды жөнелді аңқып.
Шомылып рух біткен рақатқа,
Шымырлап тұрды бүкіл дене балқып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу