Аңыздар ✍️

  10.07.2022
  113


Автор: Ғафу Қайырбеков

АҚЫН ТУРАЛЫ АҢЫЗ

...Қырық бесінші жыл еді...
Тамыз айы болатын.
Біздің үйге түнеді
Аңқылдаған сол ақын.
Өлең деген əулие
Иектеп жүрген кезім ед.
Басым шулы дүние,
Бойым түгел сезім ед.
Белгісіз ед атым да,
Он жетіде – балауса ем,
Ұйқтап жатқан ақынға
Аң-таң қалып қараушы ем.
Ұйқысы да керемет,
Күлкісі де керемет.
Сілтесі де керемет,
Түр-түсі де керемет, –
Болып маған көрінді,
Сонда сабаз жосып ед.
Мен үйреттім көңілімді:
«Ақын» – деген осы, – деп.
Көк Торғайға екеуміз
Күнде барып шомылдық.
Кездеспей жүр екенбіз
Торғайлық пен Тобылдық.
Қостанайды мақтайтын,
Торғайыңды білмейтін,
«Ақындығың ап-айқын,
Сен менімен жүр! – дейтін.
– Астанаға апарам
Оқуыңа түсірем,
Сəбиттен де хат алам,
Қасыммен де ішіп ем,
Жақанменен кезгенмін.
Əулиекөл жағасын,
Жақсы күнде кез келдің
Бақытың бар баласың.
Тез кел, сені тосамын», –
Деген еді кетерде,
Секілденіп қос ағын,
Жүргеніміз бекер ме?
Содан бері мінеки,
Отыз жеті жыл екен.
Ортамызда Қайнекей,
Алдымызда Нұрекең.
Ғажап өмір кешіп ек,
Сағынам сол жылдарды,
Тағдыр, шіркін, есіркеп,
Тұтас туған ұлдарды.
Алпыстағы ағамыз
Сонда жиырма жаста екен.
Əлі аң-таң қаламыз –
Шал болғаны рас па екен?
– Жоқ, өтірік! – деді жел,
Ол əншəйін сөз есер.
– Жалған! – деді ағын сел.
– Бекер! – деді көк нөсер.
«Шал» дегенге шамданып,
Жарқ-жұрқ етті найзағай,
Жалын ойнап, шам жанып,
Дауыл бұлтты айдады-ай!
Алай-түлей жер мен көк,
Аударылып бір қайтты;
«Ақын қартаяды, – деп
Қашан, саған кім айтты?»
«Батыреке, қойдым», – деп,
Алып шықтым басымды.
Сонда тынып жойқын көк,
Жер ашуы басылды.
Солар біледі: расында,
Қырық жыл бойы бұл ағаң
Жер мен аспан, жасынға
Мұңын шағып жылаған.
Жылаған да, жырлаған.
Таласады кім оған?
«Алпысыңды» сондықтан
Байқап-байқап айтпасақ,
Əлгілердей алыптан
Болып жүрер бір шатақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу