Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  85


Автор: Ғафу Қайырбеков

Эстергем – ескі астана –

Эстергем – ескі астана –
Екі мың жыл ол тұрған.
Көк Дунайды жастана,
Қойнына толқын толтырған.
Алты жүз сексен бірінші,
Жыл екен Мадьяр келген кез.
Сұраған алғаш сүйінші,
Жер шұрайын көрген көз.
Иштван, Арпад, Аттила, –
Венгерден шыққан үш көсем.
«Болмайды енді атымнан –
Деген екен – түспесем!»
Алғашқы король Матьяш,
Үш батыр елдің көсемі.
Болғанымен жасы жас –
Сол басқарсын!» – деседі.
Содан былай күрт қаулап,
Табиғаттай майдағы.
Аспан қауып, көкті аулап,
Өскен венгр айдары.
Бес ғасырдай белеңде,
Белін ешкім алмаған.
Қаптап өскен өренге,
Ешкім тоқтау салмаған.
Содан кейін сол жұртты,
Маңғұл өрті жалмаған.
Адам көрмес қорлықты,
Көріп, Венгер зарлаған.
Ол қасірет бұлты аунап,
Сырылғанда шығысқа.
Тағы да ел күрт қаулап,
Бөленіпті ырысқа.
Сол бір тұста Будапешт,
Астана боп көркейген.
Жас құрақтай шыққан кеш,
Жаңағы бір өртеңнен.
Одан бері өткенде,
Жайдай түскен аспаннан.
Жайнап тұрған көктемде,
Жау түрік кеп бас салған.
Екі жүз елу жыл содан,
Өкше астында Түріктің.
Сүйегі венгр қақсаған,
Қанды шеңгел бүріп күн.
Сол езгінің ауыры-ай,
Алған мұның қуатын.
Аума-төкпе дəуір-ай,
Ел басына туатын!
Адам қолы жасаған,
Не ғажайып зəулімдер.
Қирап, сынып қаусаған,
Осынау бір жау күндер.
Не істемеген бұл тарих,
Ойлап кетсең – ми тұнған.
Адам түгіл бір халық,
Мың жығылып, мың тұрған.
Сан хикая шертеді,
Тағдыр аяп сау қалған.
Иштванның шеркеуі,
Алтын менен мəрмəрдан.
Ғажап қала Будапешт,
Қойны толы асылға.
Бұл бір музей бүлк етпес,
Əлі талай ғасырға.
Салтанатын асырып,
Сексен сарай сеңгірдің.
Аспанға тұр шаншылып,
Рухындай Венгрдің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу