Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  121


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТАЙЫР ЖАРОКОВ

«Тəкең айтқан» – осы сөз жақын қандай!
Дəл қасыңда күн шығып, таң тұрғандай.
«Тəкең айтқан» – десе, мен елегзимін,
Тəкең қазір шарапқа шақырғандай.
Тəкең қазір жаныңа отырардай,
Мəжілісте ағаңсыз олқы бардай,
Сапты аяқпен сапырып сөз қымызын
Сусыныңның шарасын толтырардай.
Қолымен сəл желкесін ысып алып,
Бір сəбидей кейіпке түсіп алып.
Күреңіткен жүзінде күлкісі ойнап,
Сол жақ көзін мергенше қысып алып.
«Əй!» – деп қалып, «Анау! – деп, иек қағып,
Үлкен мұрнын аспанға сүйеп қалып.
«Тəйт «Шайтан!» – деп, өзі-өзін қытықтап ап,
«Ал содан?!» – деп, саған сөз тіреп барып.
Сен айтпасаң бір қызық, өзі бастап,
Кетуші еді ағаңыз сезімі асқақ.
Шолтаң ете қалатын əңгімесі,
Бітіретін аяғын тез умаштап.
Сен күлкіңді тыйғанша, ішің басып,
Кеңкілдесіп, кейбіреу ырсылдасып.
Тағы бастап кететін бір қызықты,
Қалатынбыз қарық боп сусындасып.
«Əй, Тəкең-ай!» – деп біреу мақтай бастап,
Жөнелсе, оны ақырын көзбен жасқап.
«Қой, ойбай!» – деп қымсынып қалушы еді, –
– Кісілер де бар ғой, – деп, – бізден басқа.
О, шіркін-ай, баладай еді-ау жаны!
Табиғаттың жапырағы, жасыл сəні.
Секілденіп, желбіреп тұрушы еді,
Көз қызығып қарайтын жұрттың бəрі.
Біздер, жастар, жанында топырласып,
Кезіміз ғой даңққа соқыр ғашық.
«Біз Тəкеңмен болдық!» – деп көкитінбіз»,
Жас келіндер қалатын аузын ашып.
Нанбай қалып əуелде, сосын нанып,
Қуанатын онымыз жанға жағып.
«Керек болып қалады Тəкеңе!» – деп,
Аз ақшаны кетеміз қағып алып.
О, дүние, ол да бір дəурен екен,
Өшпейтұғын көңілден сəулең екен!
«Осы күні не қызық?» – деп сұрасаң –
«Қызық жоқ! – деп қояды, – сенен бөтен!»
Тауың қайтып қалады, жабығасың,
Ашыла жаздап барып қап, жабыласың.
Сосын қайта өткенге ораласың,
Сосын қайта Тəкеңді сағынасың!
Ой қалтаңнан ақтарып, қызық іздеп,
Күлкі сəуле жүгірер жүзімізге.
Сонда Тəкең оянып келер бізге,
Сонда Тəкең тіл қатар күллімізге!
Тəкең шықты жетпіске, тау басына,
Болмады еске өткенді алмасыма.
«Тəкең айтқан!» – дегенге тағы тұрмын.
Тəкең келіп қалғандай дəл қасыма.
Аға еді ғой асқар тау, зор беделі,
Кішіреймес, таусылмас сол көлемі!
«Тəкең айтқан!» – дей берер талай ұрпақ,
Онда біздің Тəкеңнің өлмегені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу