Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  89


Автор: Ғафу Қайырбеков

Қазақтың қасиетті босағасы –

Қазақтың қасиетті босағасы –
Орныққан су анасы, от ағасы.
Қосылып осы жерде ердің басы,
Асылған осы арада ошақ асы.
Сан тарих жер астына сүңгіп кеткен,
Не ғасыр күн ауғалы сырғып көктен.
Солардың бұл дүниеде бар болғанын,
Ел қазақ əн ғып шырқап, күй ғып шерткен.
Тереңде Таразының тар қақпасы,
Көрінген қаза-қаза бер жақ басы.
Келеді арғы түбін адам білмей,
Алдырмас нық қаланған тағдыр тасы.
Ең кемі екі мың жыл болған соған,
Ғажап қой оймен болжап, толғанса адам!
Бір мыңы – жерде тұрған Əулиеата,
Ойласаң оның өзі аз ба саған?!
Шұбалған таудан тауға Жібек жолы –
Шығыстың Күн батысқа созған қолы.
Асылған Айша Бибі күмбезіне,
Түйенің табанымен тозған жоны.
Əлемнің атылас жібек жүгін тасып,
Көрінген көкжиектен нұрын шашып.
Көзіңе шалынады Келте-масат,
Далаға сол жібектей қойған асып.
Қойнаудан қоя берсе жұпар есіп,
Жаныңды тербетеді бір тал бесік.
Халықтың бесігі ғой – Əулиеата,
Тараған кілең батыр, сұңқар өсіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу