Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  57


Автор: Ғафу Қайырбеков

Қос Қопа – «Сужарған» мен «Шұбалаңнан»...

Қос Қопа – «Сужарған» мен «Шұбалаңнан»,
(Туған жер тіл ұшында тұрады əмəн),
Ұштың ба өңкей қоңыр үйрек тобы,
Жолығып кету үшін сірə, маған?
Санадым елу екі саныңды мен,
Дей алмай асығыста жаңылдым мен.
Үш қайта айналдыңдар тас төбемнен,
Туған су иісінен таныдым мен.
Жаз бойы ұштыңдар-ау қоға көлбеп,
Нарқамыс бойыменен жоғары өрлеп.
Ал содан оңтүстікке ауған шақта,
Туған жер тапсырды ма «соға гөр!» деп?
Сан сарай ығы-жығы астанадан,
Толқындай ернеуінен асқан адам.
Қалайша мені тауып жолықтыңдар,
Көреген көздеріңе, рас, таң қалам!
Төбемде туған жердің оты жанып,
Тұр ма, əлде, қалдыңдар ма содан танып.
Айналған қылығыңнан айналайын,
Жасымнан маған ыстық бір əн салып.
Бауырмал туған көлдің үйректері,
Сондайлық зеректікке үйрет мені.
Ал бүгін елу екі жыл толыпты,
Жер жүгін мойныма сап сүйреткелі.
Сен əлде елу екі жасымбысың,
Зуылдап өте шыққан асыл мүсін?
Мынау ой қайдан түсті басыма кеп?
Е, бəсе, көзіме оттай басылдың шын!
Мен қалдым туған жердің үйрегі, – деп,
Сен кеттің – əлің жетсе сүй, мені! – деп
Жұрт жүрсін – елу екі жылға толып,
Ақынның аспан құшқан жүрегі, – деп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу