Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  194


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖИЫРМАСЫНШЫ АСУ

...Тағы да туға толды аспан асты,
Алматы – Тың өлкенің бас қаласы.
Шақырды бүкіл Одақ меймандарын,
Алматы – Қазақстан астанасы.
Таң атпай əн менен күй қанат қағып,
Жолаушы Алатауға бəрі аттанып.
Аспанның алып тұлға кемелері,
Асыққан не қиырдан қонақты алып.
Қонады бауырсақтай төгілумен,
Көз тұнып аэропорт өңірінен.
Диктор қыз хабарлауға үлгіре алмай,
Адасқан самолеттің номерінен.
Алматы шайқалады мұхиттай боп,
Адамы көшесінде құп-құйттай боп.
Саңқылдап салтанаттың ұрандары,
Оркестр күй боранын ұйтқытты-ай кеп.
Көктемнің əсем күні–асқақ айы,
Жап-жаңа Лениннің ақ сарайы.
Жаһанның кеңдігіндей болса-дағы,
Сиятын бұл халықтың жоқ сыңайы.
Ортада Құсжолындай жарқыраған,
Бір өзен – кілең жұлдыз, алтын адам.
Алдымен солар өтті қонақтармен,
Талай жұрт сыртта қалды айтып арман.
Басталды жиырма жылдың Мерекесі,
Биіктен сала берді ел өркеші,
Ең алда Леонид Ильич Брежнев –
Ал залда Тың өлкесі – өз өлкесі.
Үстіне аспан түстес киген костюм,
Соңында жұлдызды ерлер тың жерде өскен.
Ауада сартылдаған қол шапалақ,
Жаңғырды жарты сағат бой берместен.
Содан соң тарихи сөз басталды бір,
Басылып барып-барып басқа дүбір.
Ашылды шежіренің тұңғыш беті –
Жарқырап ар жағынан тұтас дəуір.
Көрінді Қазақстан анадайдан,
Бер жағы ақ шабуыл – дала майдан.
Тізілген қызыл вагон, қоңыр шатыр –
Бұлттай кең аспанға қанат жайған.
Майданның қолбасшысы – жалынды екпін,
Қайнаған ішінде жүр қалың көптің.
Мына шеп, ана шептің арасы алыс,
Бəрі бір техника бəрін төктің.
Даланың қабылдауға халі мүшкіл,
Ілеспес қанатына уақыт ұшқыр –
Халықтың жігеріне туды сынақ –
Сол кезде келіп жетті ұлы күш бір.
Ол – бүкіл партия мен Одақ күші,
Халықтар бірлігінің болат құсы.
Самғады ақ даланың үстіменен –
Баяғы жауды жеңген ғажап сұсы...
Содан соң алғашқы аңыз бастағандар,
Алынған алапаттар, тас қамалдар.
Алғашқы миллиондар туған күндер,
Алғашқы коммунистер, комсомолдар.
Алғашқы махаббаттар, нұр отаулар,
Алғашқы қоныстану, тұрақтаулар.
Алғашқы шілдахана – тұңғыш ұрпақ,
Əлі де біз шығатын жырақ таулар.
Содан соң ең алғашқы миллиардтың,
Дабысы жерді жарған рақат күн.
Отанға Қазақстан рапорты,
Əлемге жайылуы бұл атақтың.
Содан соң осы күнге келіп жақын,
Шығарған елдің даңқын, жердің даңқын.
Тарихи Тыңның қадір-қасиетін –
Сипаттап сөздерменен ең бір айқын.
Маржандай тізді сосын тың ерлерін,
Арнаған бар өмірін, жігерлерін.
Орнынан ардагерлер тұрды сонда,
Көтеріп Қазақстан түгел жерін.
Сықасқан ордендарға өңір біткен,
Келмеген əр қайсысы жеңілдікпен.
Одан соң жаңа ұрпаққа көшті шешен,
Бүгінгі сенім артқан, сенім күткен.
– Солардың ортасында бір адамды,
Атауым қуанышпен, сірə, заңды.
Қазақтың механизатор – тұңғыш қызы,
Сол тыңда туып-өсіп, тұлғаланды.
Артады еріменен ел беделі,
Дəн өнген бұл даладан ер де өнеді.
Бүгінгі Жоғарғы Кеңес депутаты,
Бүгінгі Социалистік Еңбек Ері, –
«Жəмила Құнантаева» – деген шақта,
Бүкіл зал жарыла жаздап, қалып шаққа,
Дүрілдеп көтерілді,
қарындасым
Тұрғандай болды сол сəт бар құшақта!

Сөз тиді, сөйледі ол сол кезде бір,
Жастық шақ қиялына келді өзге өмір,
Бұл залға бəрін соның айтпақшы еді,
Булығып,
жас іркіліп сəл көзге бір.
Жалма-жан сергіді ол айта беріп,
Баяғы қайсар мінез қайта келіп,
Бастады сөздің басын зор алғыстан,
Айтты оны партияға жан тебреніп.
– Қазақтың қызы едім мен қатардағы,
Белгісіз ыстық-суық татар дəмі.
Іңгəлап мен ашқанда дүние есігін,
Тынған жоқ қанды соғыс Отанда əлі.
Жатты əлі өмір күйіп, арман жылап,
Жалтылдап жеңіс салют алдан бірақ.
Мерт болды менің əкем Днепрде,
Өртенген танкісімен жардан құлап.
Мен онда жаңа шыққам жас жарымға,
Мен үшін өшті бақыт қас қағымда.
Шешемнің дəл сол күні көргені рас –
Бір жұлдыз ағып түскен аспанында.
Іздеумен сол жұлдызды көкке қарап,
Дүниеден ол байғұс та өтті аңырап.
Мен өстім жақсы жандар қоршауында –
Орыстың ортасында дос-шаңырақ.
Талай жан,
өздеріңде ұл мен қыз бар.
Дəл қазір осында отыр ол жұлдыздар,
Дарья Михайловна, Сергей Иваныч,
Өтінем,
орындарыңыздан тұрыңыздар!
Қос бірдей Еңбек Ері шаштары аппақ,
Баяулап, алғашында сасқалақтап.
Көрінді көп көзіне содан кейін,
Соғылды қол шапалақ қос қабаттап.
– Осылар тəрбиелеп жас күнімнен,
Суарып шындық атты – бас біліммен.
Өмірде достық деген бір күш барын,
Аузынан екеуінің естідім мен.
Содан соң біздің колхоз тыңға кірді,
Бастапты енді білсем бір дəуірді.
Өсіріп шығарды ол дəнмен бірге
Мен білсем,
жүз туыс пен мың бауырды»
Содан біз кісі болдық, қатарға ендік,
Дəулеттің жаңа дəмін тата бердік.
Қашан да бір туатын сəтін күтіп,
Қанында əр адамның жатады ерлік!
Жаспын ғой,
сол ерлікке құмарттым мен,
Сөйлесіп көргім келді мына Тыңмен.
Сөйлесіп көргім келді жан отыммен,
Бойдағы жігер-қайрат қуатыммен.
Ол көп сөз, қиындығым бұл жолдағы,
Жазғырды, кім айыптап, кім қолдады.
Шақырам мынау биік трибунадан,
Қазақтың өрімдей қыз, қызғалдағы.
Бойдағы шығар сыртқа жалын күшті,
Болмайсың сонда ешкімге бағынышты.
Сол қайрат сенімсіздік бұлтын жарып,
Мені де бүгін биік алып ұшты!
Сол биік асқар шыңға, тарт ұяға,
Қашан да намыс күшін ар тия ма?
Рақмет, Леонид Ильич, Сізге жəне
Рақмет Сіз арқылы партияға! –
Деді ол,
даусы əсем саңқылдаған,
Көзінде көкшіл оты жарқылдаған.
Бойымен трибунадан түсе берді,
Соңында қол шапалақ сартылдаған.
Жан балқып баурым сөзін естідім мен,
Шешеннің кем түспеген еш бірінен.
Түрегеп Щербицкий гүл ұсынды,
Барынша риза болған кескінімен.
Қақ жарған найзағайдай
аспан-көкті,
Осынша мақтандырып тасқын көпті.
Ақ маңдай,
қара бұрым бұлаң қағып,
Талайдың иығынан асты да өтті.
Жалғыз сəт – кейде өмір – бөрі емес пе,
Көңілді алып ұшар зор белеске.
Жаңағы Щербицкий берген гүлден,
Днепр... Түсіп кетті əкесі еске.
Мыңдаған қадалып көз барды, қайтты,
Мыңдаған ауыз атын арнап айтты.
Соңында жиналыстың жауды нөсер –
Жамылып жұрт тарқады Жəмила атты.

Төрт жұлдыз – мен жырлаған екі майдан –
Сөз емес шығаратын ақын ойдан.
Жалғыз-ақ бұл шындықта қызметім –
«Жұлдызды тағдырлар» деп атын қойған.
«Тың» деген жаңаны айтқан жай ұғым ба,
Ескі мен жаңа арасын айыруға?
Қопарып бар шындықты алып шықты ол,
Тарихтың тасқынының айдынына.
Адамның асыл мұрат, армандарын,
Қабылдап, айта алмастан қалған бəрін.
Табиғат асықпастан жинай берген,
Тереңге не бір қымбат маржандарын.
Бəрін де, бəрін де айдап шықты сыртқа –
Қадірін сонда Тыңның ұқты жұрт та.
Сондықтан дастаныммен Гимн айттым,
Шындыққа, оны айта алған мықтылыққа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу