Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  83


Автор: Марфуға Айтқожина

КҮЙ – ТОЛҒАУ

I
Жанарың арман құшып шоқтанады,
Өмірдің, бəлкім, онсыз жоқ та мəні.
Тауынан –
Тарбағатай атқан таңдар,
Сен асқан асуларға көп қарады.
Көп қарады ұлына қаршадайын,
Күмбірлі күйге бөлеп жансарайын!
Қақ жарған көкірегін перзенті үшін,
Туған жер,
Тартты екен қанша уайым?!.
Қарады сезілгендей қимағаны,
Тербетті,
Тебірентті күй даланы.
Сен содан өстің бе екен сыршыл болып,
Бұл дағы тағдырының сыйлағаны.
Ұлы өмір, дауылдатып басталады,
Жаңғыртып жүрсің бүгін –
Астананы!..
Көзіне елестетіп Алтайың тұр,
Тербеген –
Талбесікте жас баланы...
II
Көліксіз көш еді ол, сəні кеткен,
Тереңде түсінгенге, мəні неткен.
Жүйріктің жалын құшып шек сызықтан,
Бесік пен Анаң сені алып өткен!..
Озыпты содан бері уақыт қанша,
Жұлдыздай ғажап емес, бақыт жанса.
Сан арман саясында – саялатты,
Қанша үміт көкірегінде атып таңша.
Өксіген кешегі бір жел де тынып,
Алысқа телміресің, жерде тұрып.
Жаудырып «Ақжаңбырды»,
Толғап күйді.
Келесің, күй сазына тербетіліп.
Жұртыңа ұнайды сол сыршылдығың,
Жүректің күй жеткізіп үнсіз мұңын –
Келеді толғандырып тауларды да,
Өзің де күй боп көшіп –
Жүрсің бүгін!..
Қарағым, қасіретті туа құштың,
Басыңа қонды құсы, қуаныштың!
Кеудеңде күй күңіреніп,
Ал көзіңде,
Өмірге деген, маздап тұрады ұшқын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу