Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  125


Автор: Марфуға Айтқожина

ӨЗІҢНЕН БАҚЫТЫМДЫ ТАУЫП ТЕРЕҢ

Өзіңнен бақытымды тауып терең,
Толассыз, нөсердейін жауып келем!
Тəуелсіз қазақ дейтін елім барда,
Төбемнен төнбес,
Қатер-қауіп деген!
Барлық ұлт, баласындай бір Атаның,
Бəріне бірдей қамқор,
Ұлы Отаным!
Аялап, орын берді Алатаудан,
Қондырдым мен де шыңға,
Жыр – Отауын!
Халықтың Сізге деген сенімі ерен,
Сеніммен тасқындайды,
Өмір – өлең!
Ғасырлар, Ата-бабам армандаған,
Тəуелсіз қазақ үшін,
Тебіренем!
Болмайды тебіреніп, қуанбасқа,
Отаным бар ма менің –
Бұдан басқа?!.
Кешегі зарлы заман, зардабы ғой,
Кіндік қан тамған жерім, жырақ жатса...
Мейлі жұрт, тəкаппар да, асқақ десін,
Жанарды жылдар қанша,
Жасқап келсін...
Ел болып армандаған Атажұртқа,
Келгенбіз,
Біз қазақтың бастап көшін!..
Соңғы рет «туған жер» деп, атап атын,
Бар сезім, сарқып саған –
Махаббатын –
Бір уыс топырағын қанағат қып,
Тыныстап, бауырында,
Жатады ақын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу