Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  96


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖАЛҒАНАР МА

Басымнан бақ тайсаң да, қуат тайма,
Қуатсыз, жаным жырды шуақтай ма?!.
Тағдырдың талқысына көп түсіп ем,
Жанымды жылы назың, жұбатпай ма.
Шынайы, шыншыл жүрек, жалғаны жоқ,
Өмірге бергенім де, алғаным көп.
Туған жер, құшағында қалғып кетсем,
Тəңірден басқа тілер арманым жоқ.
Əлдилеп жырларыңды жырланбаған,
Жарқырап, өтпедің бе, жылдан да аман.
Үнемі аңсауменен өтер ме, өмір,
Күндерім, жырланбаған, нұрланбаған...
Араны көлегейлеп тау-сағымдар,
Келеді жеткізбей-ақ саусағымды.
Құшағын қайтсыншы деп, бір толтырып,
Өсірдің маған арнап қанша гүлді?!.
Шалдықсам, жетелейді арман алға,
Бұл маған –
Ата-Анам, салған арна!..
Сайрамның мөлдіреген тұнығындай,
Толқыным, толқыныңмен жалғанар ма?!.
Бұл кезде сырласым да, досым да мұң,
Білмейсің, көкіректен жас жосылғанын.
Борады, соқты дауыл, төкті нөсер,
Бастарын – босқан елдің қосуда күн...
Бастарын ауған елдің қосуда күн,
Ортаңда шалқып, жұртым, отырмадым.
Шектеліп келдік қанша, шеттеу жүріп,
Жүреді жақсылықты тосып жаным...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу