Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  119


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚАРЛЫҒАШ ҚАЙТТЫ АУЫЛҒА

Қарлығаш келді қайтадан,
Күбірге толып сай-салам.
Жібектей желі желпініп,
Жапырақтарын шайқаған.
Тəкаппар болып тұратын,
Шуақтап жатыр қия-шың.
Сайраған,
Сəнді, қарлығаш,
Салып жүр үйге ұясын.
Қиялап асу, көк көлден,
Қиындық жолда көп көрген.
Құштары артып жеріне,
Қарлығаш келді көктеммен.
Жеттің бе есен оралып,
Тосылмай,
Тағдыр – өткелден?!.
Таусып төзім, тағатын,
Сағыныш билеп санасын,
Қарлығаш қайтты ауылға –
Қанатын таңнан қағатын.
Аңсаған бізді былтырдан,
Қарлығаш келді құлпырған.
Құбылтып сонша сайраса,
Қызыға қарар сыршыл жан.
Дегендей үнін тыңдасын,
Ұшып жүр, маған тым жақын.
Перзенті балғын көктемнің,
Қанатың нəзік сынбасын.
Əніңнен сонша əсерлі –
Сезімтал жүрек туласын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу