Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  83


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖЫР – КЕРУЕН

1
Толғандым күніменен, түніменен,
Жазсам деп саған лайық тұнық өлең.
Алдымда асу-асу жол жатқанда,
Бітер ме, жырдың жүгі
Бұныменен?...
Айтылып келе жатыр арман əлі,
Армансыз өмірімнің
Бар ма мəні?!.
Болса егер бір қасиет талбойымда,
Бəрі де, жұртым, саған арналады.
Жаудырып маңдайымнан суық терді,
Келемін тəуекелмен буып белді.
Қолдасын аруағы Бабалардың,
Қалдырман мен ұятқа сүйікті елді!
Көрінген шолпанындай, жыр – таңының,
Əйгілі ақындардың ұрпағымын.
Заманым жырлауға ерік берген екен,
Жүрегім бозторғайдай,
Шырқа бүгін!
Жүрегім бозторғайдай, шырқа бүгін,
Осылай шуақ төгіп тұрса күнім.
Көрем де жыр көгінен, сабыр етем,
Абайдай,
Асып туған,
Жыр – Тəңірін!..
Шерлі ме мына жүрек, ызалы ма,
Аласұрып кеудеде қызады да...
Көшеді жыр – Керуен, толастамай,
Түскенше қатал ажал тұзағына...
2
Қанша ма азап шексем де тумысымда,
Құштарым тарқаған жоқ,
Жыр құшуда...
Алматыда отырып толғанамын,
Күйі қалай,
Ұлы Абай,
Шыңғысында?!.
Шыңғыстың соққан сайын түзде желі,
Жан-жүйем босап, тілім күрмеледі.
Халқына билік айтқан Қажы-Сұлтан,
Жарықтық, Құнанбай да үндемеді...
Нағылған толғауы көп күндер еді,
Қираған мола үнсіз күңіренеді...
Алаңмен Алматыда таңды атырдым,
Дірілдеп табиғаттың
Түн – желігі.
Түндердің түсірулі тұр желегі,
Үрейден жүдеу тартып гүлдер өңі.
Жидебай –
Жыр Ордасы бір кездегі,
Ақынның ойын бөлген кімдер өзі?!.
Ойын бөлді батылы барып қалай,
(Өнерді сол өлкеге дарытқаны-ай!...)
Өнердің ордасына ойран салып,
Қанша жыл,
Жатты атомын жарып талай...
Гүл терген орманынан,
Бағынан көп,
Шыңғысты кім ойлаған, жабығар деп.
Еске алсам, Семейімнің сергелдеңін,
Қасіретім –
Шашымның ағынан көп...
Ұлы Абай!
Төрге шығып малдасың құр,
Өзіңді сүйген ұрпақ жалғасын жыр.
Саналы саңлағыңды ойға салып,
Күйің мен күңіренткен көз жасың тұр...
Кемеңгер!
Өзің баста сөз басын бұл,
Жидебай, жыр отымен маздасын бір.
Əйгерім аспандатып «Қаламқасты»,
Тозбасын туған жерің,
Тозбасын жыр!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу