Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  83


Автор: Марфуға Айтқожина

ГҮЛ ЕДІҢ ДАЛАДА ӨСКЕН

Көңілің көншімейтін жырламасаң,
Сұлулық –
Сондай болар, бір қарасаң.
Өмірде жасымаған, тасымаған,
Жақсы адам,
Жаны нұрлы, Гүлнар апам!
Көрініп жандай болып шын бақытты,
Түбінде жүрегінің мұң жатыпты.
Қайың да,
Шынар да емес шайқатылған,
Теңер ем, мен өзіңді шыңға тіпті!
Айнымай үлбіреген өзің гүлден,
Бұратын тектілікке сөзің мүлдем.
Орының бөлектеніп тұрушы еді,
Жандардың арасында өзім білген.
Оранып ақ бұлтына армандардың,
Сəттерің көп, ой кешіп,
Көзіңді ілген...
Ақын Əке үңіліп хаттарына,
Отырушы ең,
Толқып та, ақтарыла...
Қыса түсіп кеудеңе қарайтынсың,
Ұзап кеткен сонау жас шақтарыңа!
Күндерің, арман құшып, көшті үмітпен,
Таң да қылаң беріпті,
Кешті күтсең...
Үңіліп Ақын Əке, өлеңіне,
Толқыттың, ойдан-ойды естілікпен.
Көкірек құпиясын сен ашқанда,
Жаныңды теңейтінмін,
Кең аспанға!..
Аспанда ай да, күн де,
Жұлдыз да бар,
Шолпан ғана жарқырар таң атқанда.
Гүлім деп қауыз жарған,
Гүлнарым деп,
Міржақып!
Сізге арнапты жырларын көп.
Еске алып Қостанайдың ормандарын,
Жүрегің кешегідей, тұр ма гүлдеп?!.
Ақынның Міржақыптай, жалғызына,
Қашан да қарайтын жұрт,
Жан қызыға!
Қанша қиын болса да өміріңді,
Бөлеп өттің,
Ерекше, сəн-нұрыңа!
Ашылдың аспандай боп, жауып тұрып,
Қанша ма болды өмірде қауіп-күдік...
Жаралы болса-дағы өз жүрегің,
Жүріпсің, басқаларды сауықтырып!..
Күндерді жарып шыққан қара түнек,
Қайратыңа біз қайран –
Қалатын ек!..
Бүгінгі, өткеніңді ойға салып,
Келесің шың басында –
Дара түлеп
Даланың самалындай есіп анық,
Өткенді күрсінесің,
Есіңе алып...
Болса да таң сəрінің бұлты қалың,
Гүл Апа!
Өміріңнің кеші жарық!
Гүл едің, жаның нұрлы, далада өскен,
Күлкіңнен сұлу-сыңғыр,
Самал ескен.
Өмірге өкпелемей,
Өзек болған,
Қалайша, Сіздей жандар,
Қалады естен?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу