Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  71


Автор: Марфуға Айтқожина

АБАЙ КЕЛДІ

Кезінде қауыштырған қалай да елді,
Тарихта жатқан жоқ па,
Талай белгі!
Əлішер Науаимен мұңдас, сырлас,
Қазақтың даласынан –
Абай келді!
Келді Абай!
Ұлы тойын тойлатқалы,
Қарсы алды, өзбек-қазақ,
Ойлы ақ таңы...
Қандырып жыр кəусарға жұртыңды бір,
Сырлы əуен тереңіне бойлатқалы!
Көңілдің шерте түсіп көне күйін,
Бір аунап жатты білем,
Төле биім!..
Ел жайлы, елдік жайлы,
Ерлік жайлы,
Алады қанша қуат сенен үнім!
Арнамыз ауытқымай іріліктен,
Бір тілек,
Уыз таңдай бір үмітпен –
Келеміз сан ғасырлар бірге жасап,
Жарасып аға менен інілікпен.
Жұрт бізді бауыр десін, егіз десін,
Кешемін татулықтың –
Теңіз-кешін.
Бір болып ойымыз да,
Тойымыз да,
Ұлылық биіктетсін, ел іргесін!
Тұрғандай көңілімді күй көтеріп,
Бауырлар, мейлі нұрға,
Гүлге тоғыт!
Қарасын басын ол да бір көтеріп,
Қайғыдан қалған шыңдар, мүлде шөгіп.
Аударып ел назарын жатқан жоқ па,
Жүрегі өзбек-қазақ бірге соғып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу