Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  142


Автор: Марфуға Айтқожина

КӨКТЕМ ЖЫРЫ

Көктем келді, қанатын жайып бүгін,
Еркіндігін елімнің танытты үнің.
Еркелей басып көктем келе жатыр,
Аруларға,
Алуан түс алып гүлін!
Алатаудың бұлт көшіп шыңдарынан,
Аялаған аруын тыңдадым əн.
Сұлулық құшағында Алматы тұр,
Көгілдір нұр жамылған,
Жыр жамылған!
Алматыға келіп жұрт ағындаған,
Сандуғаштар сайрайды бағында аман!
Көктем жайлы жыр толғап ақын отыр,
Ақын ба екен,
Көктемді сағынбаған?!
Көктемменен көктем боп еркіндеймін,
Қалар екен бұл күндер серпілмей кім.
Көктемнің мерекесін жұртпен бірге,
Мəз болып сəбилер де көрсін деймін.
Жетер енді, тартынып сақтанғаным,
Көрсін туған халқымның шаттанғанын.
Жаңғыртып құз-қойнаулар,
Шатқалдарын,
Ағындады өзендер,
Ақтарды əнін!
Бар баласы қазақтың жатқан дарын,
Қанша лəззат үнінен татқан жаным!..
Мөлдіретті ақындар, жыр-шанағын,
Құстың бəрі жатқандай шырқап əнін.
Көк шоқылар керілді күн көзіне,
Желпи түсіп самалмен шыршаларын!
Ақтарылды тілегі дүйім көптің,
Тілегіңнен сан ойды түйіндеттің!
Жыл басы – Наурызда бар қазаққа,
Кеудемдегі күмбірлі,
Күйім жетсін!..
Күйім жетсін, жүректі аялаған,
Қуанышқа құшағын жаяды адам!
Бауырластың бастары қосылып бір,
Кең даламды жатса екен,
Саялап əн!
Сонда ғана көңілім тынар ма еді,
Көңіл шыңнан арылып –
Мұнар легі...
Бауырласты ойласам алыстағы,
Сағыныштың екпіндеп тұрар желі!..
Айтар назым көп екен, айтар мұңым,
Сезімтал жан бəрін де байқар бүгін.
Барлық ұлттың отыр ғой,
Басын қосып,
Жігер беріп,
Елбасы,
Байсалды үнің!
Тойым – тойға ұласты, шаттық өрлеп,
Шаттығыңнан жырларым тапсын өрнек!
Азаматы халқымның атқа қонған,
Қанаттарын қырандай,
Қақсын өр боп!
Бəйге қосып, құс салмас қай қазағым,
Алтын емес,
Инемен ой қазамын.
Арулардың жүзіне күлкі үйріліп,
Қайнап жатыр,
Қашанғы Тайқазаным!..
«Елім», деген ерлердің қалды есімі,
Ортаймасын жақсының жан несібі.
Түзу ұшып түтіні əр отаудың,
Тербетілсін сəбидің,
Талбесігі!
Қанат беріп қайырылмас самғау жырға,
Кезің шығар,
Шырағың жанған бұл да...
Сұлу – жүрек,
Сүйкімді сынды бұзбай,
Жүре бер сен,
Жұртыңды таңдандыр да...
Жұртым сенен ойымды жасыра алман,
Жезкиіктей,
Кеудемнен жосыды арман!
Нұр үстіне нұр жауып,
Тасып арнаң,
Жақсы күндер тұрса екен, тосып алдан!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу