20.06.2022
  643


Автор: Ұзақбай Доспанбетов

БАҚЫТ

Тал түсте табиғат күн қызуын көтере алмай талмаурап тұрған. Үстiндегi қара май баттасқан көнетоз гимнастеркасы бар сидам жiгiт, жыңғыл мен шiлiк аралас өскен қалың ағаш арасындағы шөптесiн соқпақпен жедел басып барды да, сирақ бойы шалғынды жапыра етпеттей құлап түстi. Маңдайын бiлегiне басып, тұмсығымен көкке көмiлiп жатыр. Өксiк буған адамдай желкесiнiң қыбыр-қыбыр еткенi байқалады.
Көкте шақырайған күн сəулесi ашық мойнына ұйып, күнге күйiп бұйрасын тартқан желке шашы жылт-жылт етедi. Айнала ауыр ыстықтан басы зеңгiгендей бүлк етер емес. Көлеңкедегi адамға жайлы тыныштық бар. Ағаш жапырақтары да қыбырсыз. Күнге тосқан алақандай жарқырап, бiркелкi боп тұтасып тұр. Безек қаққан бозторғай шырылы ғана жатқан жiгiттiң құлағына жетiп, дүниенiң үйреншiктi көркi өз қалпында екенiнен хабар бередi.
Ол ұзақ жатты. Əлден уақытта арқасынан күн өтiп бара жатқанын сездi. Тұла бойын қызу алып барады екен. Ол көлеңкеге қарай бауырымен жылжи сүйретiлдi. Бiрақ сəттi тыныс тапқан жоқ. Осы көк шалғынға алып түскен ауыр қапа, шыдамсыздық желiгi iште қайта буырқана күш алып аударып тастады. Əлдебiр өзi аңсаған ыстық сезiм ұшығынан селт етiп ояна, көңiл қуысына жiптiктей ақ сəуле түстi. Екi қолын жанына қысып қара қылтанақ басқан иегiн көкке бере күнге тотыққан қоңырқай жүзiн молынан төңкердi. Өзiнiң сəуле толы жанарындай тұнық иiрiм тұңғиыққа тұтасқан ағаш желегiнiң ойдым-ойдым ашық жерiнен асықпай

көз жiбердi. Биiкте iркiлген ауаның бiркелкi ырғалған сағым жолағынан басқа көңiлге түрткi болар ештеме таппады. Манадан дауысын естiп жатқан бозторғай ғана қанатын дiрiлдетiп, көк жүзiнде қалықтап тұрды да, атылған кесектей тас түйiн боп көзден ғайып болды.
Ұзақ сарғайтқан сағыныш ұнжырғасын түсiрiп, мұны қағажу еткен. Түктi жүзiнде күн табымен қоса қажығандық байқалады.
«Шынында келмейтiн болғаны ма екен»,– деп ол өзiне өзi сыбыр еттi де, сұлық түсiп, басы бiр жағына қисайды. Жапырылған көк майса бетiне салқын тидi. Маңдайына басылған сулы шүберектей тəнiнiң қызуын қайтарған сияқты.
Ұзақ жатыстан жотасы талып, денесi құрысып, қимылдағысы келсе де құлқы болмай жата бердi. Қасы төмен иiлiп, ұзын кiрпiктерi сəулесi сұйылған əлсiз жанарын бүркей ойға батты. Иек артпада ғана қалған мектеп өмiрiнiң анасынан-мынасынан бiр шығып, қиялы ұзақ жүйткiдi. Көз алдыңа əкеле қалсаң ыстық көрiнетiн елестердiң көбi жадында екен.
Бiрде Əбiкен жолдасы екеуi оныншы сыныптың соңғы айында ойда жоқта Рахимамен қағысып қалғаны бар. Өз дегенi болмаса көнбейтiн Рахима екiлене сөйледi, ана екеуiнiң де бетi қайтар емес, шөгiрдей қадалып, қарысып бақты. Айтқаны ақ бола тұра тiлмен қағытып, екеулеген озбырлыққа Рахима шыдасын ба, ақыры жылап тынды. Бұршақтай жастары төгiлiп, партасына бара сұлық құлады. Маңдайын қос бiлегiне басып, мына екеуiнен шын қиянат көргендей терiсiне сыймай булыға жылады.
Дереу сынып жетекшiсi Мағира апай сынып бөлмесіне шақырып жатыр дегендi естiдi балалар. Əбiкен жолдасы екеуiнiң сөгiс естимiз ғой деп iштерi қуыстанып едi, бiрақ сөз төркiнi мүлдем басқадан шықты.
Айтпақшы, сол ұстаздың бейнесi он рет отқа жансаң көз алдыңнан кетер ме? Мағира апайда үлкен ақыл сарабынан шыққандай ерекше кескiн бар. Күмiс қырау дендеген шашында тау шоқысының сəулетi ұялағандай. Көл аясындай тұнық жанары əрдайым айқын қарайды. Көзiнiң қиығына iлiнген адам не ыңғайсызданатын, не жүрек қуанышымен iштей күпсiнiп бiр көтерiлiп қалушы едi. Ол сөздi ең алдымен балалықты бақыт санаудан бастайтын. Бүгiн де сол ойының үстiнен шықты. Ол кiсiнiң балалыққа осыншама мың қарайлап, мың толғана телмiруi Əбiкендерге өздерi бала болып жүргесiн бе, көбiне артық сөздей көрiнушi едi.

Қазiр де олар өздерiне бүге-шiгесiне дейiн таныс ұзақ сонар əңгiме тыңдаймыз деп ойлаған... Алғашқыда солай болды да. Сөз əсерi бұларды бара-бара тұралатты. Көп тыңдалған өсиет дегенмен бұл жолы бөлек ащы мəнi бардай Əбiкеннiң көкiрегiне əлденеден уайым ендi: құлақ сарсытқан ескi мiнажат секiлдi ұстаз сөздерi кеудесiне ұрлана кiрiп, ойран салғандай. Əбiкенге ғана емес, барлық шəкiрттерге алғаш соқтыққан сезiм құйыны, дүлей толқыны секiлдi көрiндi.
Мағира апайдың көзiнiң астында көлеңке ұялап, бiрауық жүзi мұнартты. Қарсы алдынан теңiз желi соққандай əлем-тапырық дүниеге көз сала, оның өткенi мен бүгiнгiсiн еске алып жаны тiтiркенге ұқсас бiр қалпы бар. Əлде өзi өткерген, өзi көрген- бiлген ұрпақтар легi, олардың кешкi шапақ бояған алуан түстi тағдырлары елестедi ме, əйтеуiр өз ойына берiле сөйледi.
– Сендер солай ойларсыңдар, мынау дүние сендер үшiн бiр орында қатып тұрып қалған сияқты. Мысалы, сыныптағы парталас достарың сендермен тап осылай үнемi, тiптi ғұмыр бойы иық қағыстырып отыра беретiн сияқты. Ал шынында солай ма? Сендер үшiн нағыз өмiр иек артпада ғана тұр. Оған бiр iлiксеңдер кеттiңдер. Сендер өстiп, бəрiң бiр бөлменiң iшiнде ешқашан бас қоса алмайсыңдар. Сонда осы күндерiңдi аһ ұрып, еске аласыңдар. Мектепте оқып жүрiп, сыныптас досыңа, құрбы- құрдасыңа жасаған аз қиястығың үшiн бармақ шайнайтын да күн туады. Сонда өздерiңе өздерiң сұрақ қоясыңдар. Апырай, жылт етiп, өте шыққан балалық шағымда өз достарымды жанымдай сыйлап жүруге неге шыдамым жетпедi екен дейсiңдер. Иə, бүгiн кетiп, ертеңiне қайтып оралмайтын не нəрсеге де адамның мықтап қарайлап алғаны дұрыс қой. Өздерiң ойлап қараңдаршы, осы адам үшiн не қымбат? Əрине, қайтып қолыңа түспейтiн нəрсе қымбат. Бүгiн жоғалтып, ертеңiне дүкеннен сатып алуға болатын нəрсе үшiн адамның қабырғасы көп қайыса қоймайды. Дүниеде ең қат
– қайтып оралмайтын нəрсе.
Əбiкенге Мағира апайдың сөздерi үзiлiп-үзiлiп естiлгендей болды. Əр үзiлiсi сайын арасына бiр əлем сыйып жатқандай. Бұдан кейiнгi айтқандары да солай.
Осы мұғалиманың көзiне өзi тiлге тиек ететiн шалқар дүниенiң суретi түсiп тұратын. Қандай да iш толқуыңмен, əлдеқалай бейбас сезiмiңмен оның шалғайы кең жанарынан қақас қала алмайсың. Қайта сол кездегi суретпен бiрге ерiп, араласып кеткендей қысылып-қымтырылған аласапыран бiр хал кешесiң.

Жаңағы айтқандарын Əбiкен пəлендей ой талқысына сала қойған жоқ. Бiрақ сонда да сырлы астарында бiр дəн жасырынғандай көңiлiнде мазасыздықтуған. Күнделiктi құлаққа сiңiмдi сөздерiнен бүгiнгiсi оғаш. Əбiкеннiң де, өзгенiң де құпия iш түйсiгiмен үндес сияқты.
Сол мектеп жылдарында Əбiкеннiң Рахимаға деген көкейiне ұрлана кiрген жасқаншақ сезiм, жiңiшке ықылас бұл күнде оның жаны мен санасын əмiрiне көндiрген алпауыт күшке айналыпты. Тап қазiр де өзiнiң сүйгенi Рахиманы күтiп, сағыныш құсасына батып жатқан шақта ақ бұлт астынан ұстаз жүзi шалынып, сол күш əлдеқандай сұрапыл қуатпен тар кеудеде бұлқына соқты. Аспан тереңi, жасыл желек, сонау көрiнген тау шоқысы – бəрi- бəрi дүниенiң бетiне қалқып шыққан көрiнiстей елтiп, əрi көзiн тұндырды. Аты беймəлiм əн жолдары оралып, Рахиманың албыраған жүзiн атқан таң арайына балап, тосын көзге бөтенше көрiнердей кезерген ерiндерi жөнсiз қыбырлап жатты.


Таң атқанда гүл бағын суарамын, Күнде ертемен өзеннен су аламын...


Ұзақ маужыраңқы күйi осымен болды да, ұстаз бейнесi қайта оралды. Əлсiн-əлсiн елесiне жүгiнетiн сияқты. Көкiректегi кей нəрсе не ұмытылуға жақын, не ұмытылса да оның əсерi адам еркiнен тыс тамырдағы қан соғысындай өзiнен-өзi белгi берiп тұрмақ. Мейлi ақыл мен зейiн ол белгiнiң түп-төркiнiн ашып- айырып жатпаса да бəрiбiр көңiлге бiр түйткiл орнап, өзара берiк байланысы бар əсерлер тiрi жанның iшкi сарайында бөлек майдан құрып, тоғысып жатпақ. Əбiкен де қазiргi өз халiнiң жетесiне жетпесе де қым-қиғаш қиял суреттерiнiң куəсi болды.
Сүйгенiн күткен шақта тұнығына ұстаз жүзiнен де сəуле түстi. Əбiкен сирек еске алса да өзiнiң Рахимаға деген ықыласын мықтап шегелеп берген де сол кiсi едi. Тартысып, бақталасушы Əбiкен мен Рахима көкiрегiндегi тұнық мөлдiрдi Мағира апай байқап та, ескерiп те жүрiптi. Олардың бiр-бiрiне қиянкес əрекеттерi үстiнде iштерiндегi оянғысы келе беретiн əлдебiр балалық ұялшақ сезiм ұстаз көзiне жазықсыз жəбiр көргендей болған екен.
Үнсiз томсарысып, қабақ астынан ғана аңдысумен жүрген екеуiне бiр күнi сабақ соңынан арнайы айтып: «Бүгiн түстен кейiн сен екеуiң мектепке келесiңдер, химиялық зертхананы келесi сабаққа дайындаймыз»,– дедi. Кластағы басқа балалар

бұған ешқандай мəн берген жоқ. Ал Əбiкен мен Рахима iштерiнен қатты күпсiне табысу, татуласу сəтi күтiп тұрғанына бала жүздерi аңдаусыз жарқ етiскен. Тек оны көп ешкiмге аңғартпай қабақтарын қайта түсiре қойды. Ендi бос уақытта мектепке қайта келуге мəжбүр еткен мұғалима нұсқауына аса ырза емес шырайлары ғана бар.
Сол күнi олардың арасында қайта шаң қаппастай жарастық туып едi.
Əбiкен жаратылыс ғажайыптарына таңырқай бiлмейтiн. Мағира апай не айтып жатса да кейбiр сергек ойлы балалардай селт етiп, жүзi сұрлана томсарып, жан-жүрегiмен елiккен емес. Бəрi жай əшейiн өз орындарында тұрған, тек бүгiнге дейiн бұлардың көзiне шалынбаған алыс жағдаят сияқты ғана көрiнетiн.
Тек бүгiн ғана басқаша əсер еттi. Əбiкен келсе Мағира апай мен Рахима осында екен. Апай бұрыштағы кiшкене столда жұмыс жоспарын қағазға түсiрiп отыр. Рахима бойы сидиған приборлар тасасында қалың орманда жүргендей көрiнедi. Жай жүрген емес, бұта, түбiрлердi байқастаған кəнiгi көзi бардай. Апай жазудан басын көтерiп:
– Əбiкен, мензуркаларды штативтен босатуға Рахимаға болысып жiбер,– дедi.
Əбiкен Рахима шұғылданып жатқан шаруаны ендi ғана аңғарды. Солай қарай əлдененi ебедейсiз денесiмен қағып кететiн сияқтанып, əрең жылжыды. Рахимаға көзi түсiп едi, қабағын күштеп шытқанымен Əбiкен көмегiне зəру екенiн де жасыра алар емес. Бiр өзi болып оңына келтiре алмай жатқан iске қарап, дағдарған қалпында көп мəн бардай. Оны Əбiкен қанша аңғырт болғанмен аңғармай қалған жоқ. Жүрегiне жылулық берген де осы. Ол Рахимаға тез жақындап штативке қолын созды.
– Апай, мына қышқылдар мен сiлтiлердi не iстеймiз?– дедi Рахима.
– Оған тимей, тұра тұрыңдар. Қазiр менiң айтуым бойынша реттейсiңдер.
Əбiкен қозғалмай тұр. Рахима да қайтып үндеген жоқ. Жаңа қолдары жұғыса кеткенде бiр-бiрiне еттерi ыстық көрiнген, тиген жерiн күйдiрiп жiберердей тыз-тыз еткiзедi. Қазiр Əбiкен соның əсерiнен арыла алмай басын əлдене соғып өткенге ұқсайды. Байқайды, бiрлескен бұл жұмыс Рахима үшiн де тегiн кетпептi. Жүзiн айқын мейiрбандылық жеңiп шыққан. Əбiкенге қылдай да кiнə тағар түрi жоқ. Сонда да оңаша үнсiздiк бұларға ауыр тидi.

Мағира апай қасақана столдан басын көтермей осы үнсiздiктi соза түскiсi келгенге ұқсады.
Сəлден соң ғана ол өз оқушыларына жақындап, бұрынғы зертханалық жұмыс кезiнде пайдаланылған сiлтiлер мен қышқылдарды өз орындарына қойғызып, басқаларын алдырды.
– Бiз соңғы сабақтарда металдардың химиялық қасиеттерiн өтiп едiк қой. Металдар немен, қандай элементтермен əрекеттесе- дi, немен қосылады? Қандай құрамалар түзедi? Мiне, осы тақырып- тар жөнiнде зертханалық жұмыстарды əзiрлеуiмiз керек. Сен екеуiң көмектеспесеңдер, менiң жалғыз өзiме қиын ғой.
Əбiкен де, Рахима да бұл сөзге бiр көтерiлiп қалды. Əбiкен түрлi түстi мырыш, қорғасын, мыс ұнтақтарына қызыға қарады. Темiр затына деген ықыласы тап осы жерде пайда болғандай. Жұмыс жарты сағатқа созылды. Мағира апайдың қысқа-қысқа қоңыр даусы Əбiкен мен Рахима қимылдарына бағыт берiп тұрды. Сұйық заттарға қарағанда металдар қасиетiн ашатын əдiстер де, оның приборлары да басқа. Ұстаз қасындағы мына екi оқушы өз сыныптастарынан тап осы тақырып жөнiнде бүгiнше бiр қадам озық кеткенiн түсiндi. Ол басқа да бiр жақсылыққа мегзегендей.
Зертхана дайын болғанда:
– Мiне, бiз iстi тамамдадық. Адамдардың бiрлескен қимылыңа не жетсiн. Тау қопарып, тас қашасаң да – бəрiне де адамдардың бiрлескен қимылы керек,– дедi.
Əбiкен ұстаздың күмiс қырау дендеген шашын, белдеулi ақ жазық маңдайын алғаш көргендей телмiре қарады. Осы апай сол адамдар бiрлестiгi үшiн осынау темiрлер əлемiнiң қасында қартайғандай көрiнiп, одан бөле-жарып əкетуге Əбiкен қиялының икемi жетпей аз-кем тынысы тарылды. Өмiрде бос тұрған еш нəрсе жоқ, бəрi сарп етiлген жiгер мен қайрат, бiрлестiк, достық арқылы келедi дегенге ұқсас бiр түйсiк Əбiкен көкiрегiнде шағылған сiрiңке отындай жылт еттi.
Мағира апай соңынан ұлы химиктер мен физиктер өмiрiнен қысқа-қысқа бiрнеше əңгiме айтып бердi. Əсiресе Ампердiң көшеде келе жатып, ойына түскен формуланы қалтасындағы бормен ұшыраса кеткен қара тақтаға жаза бастағанда жұрттың өзiне қарқ-қарқ күлуiнен қалт оянғаны, сөйтсе мұның тақта дегенi бiр бай семья мiнiп бара жатқан биiк каретаның артқы бетi екенi жөнiндегi əңгiмеге Рахиманың iшек-сiлесi қатты. Алабұртқан жүзiн Əбiкенге бұрғанда бұл да шын ниетiмен-ақ күлегеш адамға ұқсады. Əңгiме қызығынан емес, Рахиманың өңiне шаттық нұрының жарасымды екенiн көрiп, жүрегi дiр еттi.

Апай Рахима екеуiн бiрге қайтарды. Жоқ-жоқ, Əбiкен Рахимамен ендi қайтып, ешқашан керiспек емес. Бұл қандай ой, бақылаудың жалғасы, оны салмақтап жатпады. Рахиманы үйiне таяу тұсқа дейiн шығарып салды. Бiр кездегi шөгiрдей тiлдi қыз мұнысына мүлдем қарсылық еткен жоқ. Үлкен бiр татулық кезеңiнiң бой алғанын екеуi де сездi.


1961 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу