Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  124


Автор: Кәкімбек Салықов

КЕНШІ СЫРЫ

Беу, муза!
Ен шабытқа бөледің бе?!
Бармаспын ел сырынан бөлек үнге.
Ояу сөз, бояуы айқын, дыбысы ашық,
Терең ой мекендесін өлеңімде.
Әкелер қан майданға ерте кетіп,
Балалық жіберген жоқ еркелетіп.
Үйрендік іске обыр, тілге сараң,
Мың ойлап айтар сөзді келтелетіп.
Кешегім боларлықтай бүгінге сеп,
Сарқылмас заман мұңы үнімде көп.
Кен қаздым кейбір ділмар айтпасын деп
«Білгені, бітіргені тілінде...» деп.
Түспесін титім нұқсан ар-намысқа,
Салтым жоқ жан сауғалар қалтарыста.
Аралдың айқасында шаш ағарды,
Жүрмей ме нағыз ақын арпалыста.
Қопарған Жезқазғанда жезім өлең,
Телегей болып кеттім өзім өлең.
Қыздырып ішкі намыс
Асыл тасқа
Қараймын ақын-кенші көзіменен.
Талпынсам туған жерден алыс қонып,
Қуандым Жезқазғанмен таныс болып.
Шіркін-ай, арман еді ұқсап қалу,
Дүниеден өтпесем де Қаныш болып.
Беу, достар!
Демессіңдер бекер еді.
Жер тілін білу ынта еселеді.
Сырым сол – Қаныш аға зор атағы
Көкшеден Ұлытауға жетеледі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу