Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  92


Автор: Кәкімбек Салықов

АҚЫНДАРДЫҢ БЕРГЕНІ

Ақындарда жасыру жоқ жан сырын,
Аялайды шындық деген тақсырын.
Құты қашар сонда әңгүдік жаманның,
Нұры жанар аты әйгілі жақсының.
Қуанышы жүрегіне сыймаған,
Сағынышы шырай бұзып қинаған.
Өлең болып өзі өріліп түседі
Тірліктегі байлығы сол жинаған.
Терең мұңы, қатал өмір шырмаған,
Өкініші өртендірген бұл ғалам.
Самал жел мен арай таңдар тебірентер,
Құбылыс жоқ ақын көңіл бұрмаған.
Түсінер-ау соның бәрін милы адам,
Ақында жоқ айтуға сыр қимаған.
Ол өмірде жалған сөзден қорқады
Шарайнадай түйір тастан қираған.
Асау аттай үзіп өтер кермені,
Жырлатпайды көкірек жарған шер нені?!
Ақиқатты айтып өтер тайсалмай –
Ақындардың өмірге сол бергені




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу