13.06.2022
  169


Автор: Қасымхан Бегманов

ШЕРЛІ ТҮРКІСТАН

Кіріспе
Жұлқысқанмен жұлқысқан,
Қырқысқанмен қырқысқан.
Атқа мінсе ерлері,
Қара бұлттай тұтасып
қайыстырып жер бетін
шығатұғын әр тұстан.
Бөлшектелмеген баяғы,
Шерлі де, мұңлы Түркістан.
Түркістанда мемлекет құрам деп,
Дар алдында кірпік қақпай тұрам деп.
Мұстафа Шоқай ер шықты,
Қару алып көшеге
кәпірлерге бағынбаған ел шықты.
Түркістанның тұтастығын аңсаған,
Жанын қиды осы жолда қанша адам.
Беу, жас ұрпақ, не айтайын мен саған.
Адал ұлдар елге қарай бұрылған,
Қоқан менен Орынборда құрылған.
Түркістан мен Алашорда атына,
Шығысымнан, Сырымнан.
Хат кеп жатты ойдағы ел мен Қырымнан,
Сол бір қайран ерлердің,
Рухы аңқып тұрса болды жырымнан.
...Қаншама өзен тасыған,
Қилы да қилы ғасырлар өтсін басынан,
Көргем жоқ кезін жасыған,
Тәуелсіз ұрпақ сендерге қарай асығам.
Келмесін енді қаралы көштер
қаралы таудың басынан,
Өлмесін тұлпар баяғыдай боп
Сағынайлардың асынан,
Қайғымды кімнен жасырам,
Келер ұрпақ алдыңнан сенің
шуақ боп мәңгі шашылам,
Өзіңе ғана ашылам.
Ұлы Түркі дүниесі,
бәріне тас боп бекінген,
Дұшпанының үстінен
арыстандай ақырып барып секірген,
Ата жаулары алдында тізерлеп тұрып,
қатындай жылап өкірген.
Шыдай алмастан сесіне,
Келдім деп мұнда несіне.
Еңбектеген қалтырап,
Тұра қашқан сонадайдан төбелері көрінсе,
құйрықтары жалтырап.
Жігіттері жаужүрек,
Қас-қағымда шешетін бітпейтіндей дауды көп.
Шімірікпеген жүздері, ет кессе де етінен,
Ержүрек батыр шетінен.
Кім әлсізді жоймаған,
Ат үстінде ойнаған.
Алшаңдаған осы біздің қазақты,
Құл қылам деп ойлаған.
Ежелгі дұшпан артынан
тоз-тоз боп кеткен Қалмағы,
Өз алдына дербес бір ел болып та қалмады.
Сол түркінің қарағайға қарсы біткен
қазақ дейтұғын ұрпағы,
Жерден де ауыр
сөйлесе сөздерінің салмағы.
Ат үстінде ұшқан құспен жарысып
ақ сағымға сіңетін,
Қарсыластың әлсіз жерін
тамыршыдай білетін.
Аттан түссе алшаң басып жүретін,
Киіз үйдің іргесін қатындары түретін.
Жын тілін де білетін,
Құс тілін де білетін,
Су тілін де білетін,
Қу тілін де білетін.
Мынау сайын, жұмбағы көп,
біздің туған далада,
Еркін өмір сүретін.
Ерегіскен дұшпанның езулерін тілетін,
Қоқаңдаған батырын, көзіне ілмей күлетін.
Бірде жеңдің, жеңілдің,
Он сегіз мың мынау жұмбақ өмірдің.
Құпиясын меңгерген,
Қарашасын хан ұлымен тең көрген.
Қайран біздің бабалар,
Жетім-жесір, мүсәпір саясына сағалар,
Дәл осындай болғанына шүбәм жоқ
інілер мен ағалар,
Біздің батыр бабалар,
Сіздің батыр бабалар!
Шайырлары қара түнде жыр жазар,
Ханымдар мен мырзалар!
Ал қыздары нәп-нәзік,
Ат үстінде қалқитын
қой жайылған қоңыр белде жап-жазық.
Күлкілері сыңғырлаған қоңырау,
Аршын төсі топ-томпақ
төңкерілген омырау,
Елең етер еріксіз түк естімес саңырау.
Қылдырықтай белдері,
Бұлдырықтай төлдері.
Гүл көмкерген көктемде,
Қаздай қалқып өткенде.
Қой қайтарар малшылар,
Бозбалалар қара терге малшынар.
Күлкілері таудан құлар бұлақтай,
Қимылдары тербетілген құрақтай.
Нәркес көзі жанып тұрған шырақтай,
Өн-бойында артық ет жоқ құр аттай.
Қылықтары жауабы жоқ сұрақтай.
Айдай әсем,
Күндей сұлу тотылар
Міне, қазақ арулары – осылар!
Көрген адам тіл байланып, тосылар,
Қыз-жігіті бір-біріне шын ғашық болып қосылар.
Сатылмайтын, сатпайтын
жанында ерткен досы бар!
Мал жаймаған егінге,
Басты ұраны –
артқа қарай ешқашанда шегінбе!
Тектілерден текті туар тегінде.
Кенесары басын берген халқым деп,
Бұл далада найзағайдай жарқыл көп.
Мұны бізге сұлтан мен бегім берді дейсің бе,
Бұл даланы қазаққа тегін берді дейсің бе?
Түркістаным бір тұйыққа тірелді,
Арқа тұтып көрмек боп көрші жатқан ірі елді.
Қыйлы-қыйлы кезеңдерден,
Өткел бермес өзендерден
аман-есен өтіп кеп,
...Бұйрық бере бастады
келімсектер жетіп кеп!
Талай сырды ұғарсыңдар жырымнан,
Астамсынған үн естіліп қырымнан.
Бар биліктен шеттетілген, сырылған,
Осы тұста Алашорда үкіметі құрылған!
Әлихан мен Мұстафалар күресті,
Империямен тіресті.
Сұрасаңыз
Мұстафаның аталары би болған,
Хан түсетін үй болған.
Ер Мұстафа осы жолға текке түсті дейсің бе,
Кекке түсті дейсің бе?
Жүріп өткен жолына басыңды иіп құласаң,
Бұл Мұстафа Шоқайдың түп атасын сұрасаң,
Сүт анасын сұрасаң,
Құт анасын сұрасаң,
Түбі оның ер Түрік,
Дұшпандарын алдына тізерлетіп келтіріп,
Дандайсыған неменің басын шауып өлтіріп,
Кеткен біздің бабамыз айналайын ер Түрік!
Ойнағаның, күлгенің,
Бақытты боп өміріңді сүргенің,
Ен далада алшаң басып жүргенің.
Жеңістерін әр жыл сайын тойлаған,
Арқасы ғой ұрпақ қамын ойлаған,
Ер Күлтегін, Төныкөк пен Білгенің.
Қыран құстай самғаған,
Бәрін ерте қаршадайдан аңдаған.
Бұл Мұстафа Шоқайұлы,
Күлтегіндер жүріп өткен,
Қасиетті осы жолды таңдаған.
Жауда қалған жерлерін,
Дауда қалған белдері мен көлдерін.
Шейіт кеткен ерлерін.
Ер Мұстафа Шоқай мырза шексіз сүйген
Түркістанның жаздым қалқам шерлерін.
Арманымды түсіндің бе, сен менің?
Маскүнемге тең бе едім?
Қаскүнемге жем бе едім?
Тірідей-ақ жерледі-ау,
Отқа жақты өлмедім.
Суға салды батпадым,
Жасырынып жатпадым.
Ел үмітін ақтадым,
Жер үмітін ақтадым.
Ата тарих саған деген сезімді,
Жүрегімнің түкпіріне сақтадым.
Жаратушым бізді бәлкім осындай ғып жаратқан,
Тәуелсіздік таңы атқан.
Тұста мынау Шоқайұлы Мұстафаның сан қилы,
Жолдарымен өткенмін.
Парижбенен Берлиніңе жеткенмін.
Қабіріне барып мен,
Құран оқып кеткенмін.
Оңашада көздің жасын төккенмін,
Шуағына шомылып сол бір мұңлы көктемнің.
Шелліңе де барғанмын,
Шөліңе де барғанмын,
Көліңе де барғанмын.
Таң-тамаша қалғанмын
Сан оңаша қалғанмын,
Бәлкім содан бақ дарып,
Архивтерді ақтарып.
Сырын ұқтым жалғанның,
Жүрегімді баураған,
Мұстафадан қалған мұң.
(эпилог орнына)
Қайтейін қалмаған соң басқа амалым,
Тарихты өткен, кеткен ақтарамын.
Асау жыр боп оянып көкірегіңде,
Хат болып кейінгіге сақталамын.
Қағазға барлық сырын ақтарыпты,
Кей сөзі ескі өлеңдей жатталыпты.
Ножаннан Түркістанға келген хаттар,
Әр жерде мұрағатта сақталыпты.
Бұл жырды сақтап қойсын барша оқыған,
Дерек пен керегіңді алшы осыдан.
Сіздерге сәлем сырлы Шиеліден,
Сіздерге сәлем мұңлы Наршоқыдан.
Төгілген аспан жақтан нұрға балап,
Жазылған көңіл аудар жырға, қарақ.
Көміліп бүкіл ауыл қалған екен,
Құранды оқыдық біз құмға қарап.
Қара жол ойдым-ойдым тынған анық,
Құлаған ескі столба сымға оралып.
Мұстафа Шоқай ердің ата жұрты,
Бұйығып жатыр екен құмға оранып.
Япырай қилы кезең, кезеңдердің,
Сырларын ішке бүккен сезем белдің.
Шоқайдың ауылына баратұғын,
Өзгерткен арналарын өзендердің.
Айырылған ауыл екен келбетінен,
Ұшқан құс көре алмайсыз көл бетінен.
Арнасын өзендердің өзгертіпті-ау,
Бұл әулет жоқ болсын деп жер бетінен.
Осы істі істегенді сұмға балап,
Отырдым ойға шомған қызға қарап.
Империя тілегі қабыл болмай,
Оқыдық құранды біз құмға қарап.
Ескіден есіңді алар сыр ұққасын,
Өткен мен кеткендерді сұрыптасын.
Қазақты көк бөрідей ұлытпасын,
Арыстанмен алысқан асыл ерім,
Мұстафа Шоқайды ұрпақ ұмытпасын.


Өткен ғасыр, сырлы Қоқан,
он сегіздің ақпаны,
Мұстафаға құрылған
бұл қызылдардың қақпаны.
Дәл сол күні ит ұлыған,
бүгін бізге белгісіз,
Көк аспанда қанша жұлдыз
із тастамай аққаны.
Екі-ақ айдай өмір сүрді сол бір ұлы үкімет,
Жанталасты құлатуға
қаншама уақыт күтіп ек.
Ферғананың жазығында
жалғыз кетіп баратты,
Содан кейін қара қайғы арқалап,
қанды жасты жұтып ек.
«Айырмаймын халқымды мен
мынау байтақ жерімнен»,
Күресті ол, тіресті ол кетіп мәңгі елімнен.
Қаншама рет
қыл ұшында тұрды ілініп өмірі,
Қаншама рет
аман қалды тіке келген өлімнен.
Қанды Қоқан
содан кейін шықпай қойған түсінен,
Тәуелсіздік биігінен Мұстафаны түсінем.
Қоқандағы мына бейіт
пана болған бір апта,
Аруақтай түрегелді ол молалардың ішінен.
Өлгендермен қатар жатты
жасырынып молада,
Еркін өскен қайран ерім
сағым жүзген далада.
Үш күн бойы көзі ілінсе,
қара терге малшынып,
Түсіне енді Наршоқы мен
аяулы ана, жан ана.
Сондай ерді ұлықтауға кешігуге бола ма,
Тарихымды теріс жазса кешіруге бола ма,
Тасқа түскен таңбаларды өшіруге бола ма?
Тар лақатта тірі жатып шешінуге бола ма?
Мұңды уілмен жел еседі
сағым қашқан қырымнан,
Жасырынған уайыммен
нұр еседі жырымнан.
Бұл Қоқанда сол бір түні
аязында ақпанның,
Он мың адам...
ана, бала бір-ақ күнде қырылған.
Жас келіншек,
қара шашты, қара көзді тісі аппақ,
Құлап жатыр қос қолымен
қос сәбиін құшақтап.
Ой нәлеті-ай,
шімірікпей бауыздапты пышақтап.
Бүктетіліп қария жатыр
мызғып кеткен тәрізді,
Қапталында бір кейуана
шүберектей түсі аппақ.
Мұстафаны бұл қырғыннан
сақтап қалған құдайым,
Ғайбат, жала,
өсектерден ақтап та алған құдайым!
Айтыс-тартыс, қуғын-сүргін
оттарына тозақтың,
Артық туған асылымды
қақтап та алған құдайым.
Түркістаным, шерлі, зарлы
атсын тағы ақ таңың,
Бір ұлыңның тым алысқа
көрдің қанат қаққанын.
Қанша сөзді естіген соң,
әдейі іздеп сарсылып,
Қаншама елдің архивінен
кемшілігін таппадым.
Жанарлары жасаураған кетерінде Кетіктен,
Толқындарын теңіздердің
жалғыз кесіп өтіп пе ең?
Ұзай-ұзай біржолата
ғарыш жаққа жетіп пе ең?
Қайта оралмас туған жерге
қарай-қарай кетіп пе ең?
Бүкіл түркі дүниесінің
тұтастығын аңсаған,
Ұлы адамды шексіз сүйді
оны білген қанша адам.
Қара нанға зар боп жүріп
жат өлкеде, жат жерде,
Қасіретін Түркістанның
жер жүзіне жар саған.
Тәуелсіздік алған кезде, елге оралды есімің,
Француздың Шелль шаһары,
қалған сонда жесірің.
Қаншама жыл өтсе-дағы
қалғымайды жауларың,
Қанша ғасыр өтсін мейлі
жасамайды кешірім.
Сот үстінде ешкім оның
айта алмады айыбын,
Жалақорлар мәселенің түсінбеді байыбын.
Мәңгілікке Шеллде қалған,
алыстағы жерде қалған,
Қиын шақта серік болған
үнсіз сүйді ол зайыбын.
Жасамаса жасамасын, сұрамайды кешірім,
Айқара ашқан жасқанбастан
екі дүние есігін.
Түркістанды шексіз сүйген,
осы жолда жан қиған,
Шоқайұлы Мұстафаның
қастерлеңдер есімін!
Күнәсі жоқ, бардым, көрдім
жасуындай иененің,
Дәлелдепті елін, жерін жүрегімен сүйгенін.
Үш құрлықты кесіп өтіп,
өткенімде жолымен,
Осы болды менің мәңгі көкірекке түйгенім.
Қанша ғасыр өтсін мейлі
қалғымайды жаулары,
Ұмытпайды Түркістанның
қыраттары, таулары.
Ұмытпайды бұл өлкенің өзендері, баулары,
Ұмытпайды бүкіл түркі дүниесінің аумағы.
Осы жолда жанын берген,
барын берген асылым,
Жыры қалды жазылмаған,
сыры қалды жасырын.
Қаршадайдан құран жаттап,
ерте есейіп ержеткен,
Бұл өмірдің о, адамдар,
соңы қайғы, басы мұң.
Ауыртады жүрегімді
қимай күннің батқаны,
Ауыртады жүрегімді аңсап таңның атқаны.
Ауыртады жүрегімді
бөлшектелген Түркістан,
Ауыртады жүрегімді жат өлкеде жатқаны.
Ауыртады жүрегімді
бұ дүниенің жалғаны.
Ауыртады жүрегімді жат өлкеде қалғаны.
Қаншама жыл сағыныштан
жапырақтай сарғайып,
Түркістанды бір көре алмай
өзегінің талғаны.
Қанша ұрпақты «үйреткен-ді»
өткізуге күнді ептеп,
Тиым салған еске алуға, ұмытуға міндетті ек.
Қайран қазақ не көрмеді
шерге толған жүрегі,
Сары аязда лагерлерде жалаңаяқ дірдектеп.
Тәуелсіздік Мұстафаның
ұлы есімін қайтарған,
Тартып алған халқы оны
саясаттай сайқалдан.
Тұлға қайда Түркістанның
қасыретін айта алған,
Қасиетті тұлпарым-ай төрт аяғы тайпалған.
...Бұл жылдары арманы асқақ
Алматыда тұратын,
Нені іздейді,
сауал болса, сұра, аспан, сұра, түн.
«М. Шоқайдың жолыменен»
экспедиция басқарып,
Сол Қоқанға келе жатты
елес қуған бір ақын.
Көзілдірік
жасаураған жанарларын жасырып,
Ферғанадан жолға шықты,
келе жатыр асығып.
Сырлы Қоқан, мұңлы Қоқан
жүрегінде тербеліп,
Ағаштардың жапырағы
желмен жатты шашылып.
Өзбек жері мына топты
қарсы алған жоқ ән-жырмен,
Бір елестің ізіменен
сол Қоқанға бардым мен.
Ортасында баяғыда, мемлекет құрарда,
Осы жолмен ары-бері
Мұстафалар сан жүрген.
Толқып, қорқып кездесеміз
сол бір асқақ шақпенен,
Жүрегімде буырқанған
асып-тасып жатты өлең.
Түркістанның астанасы
шерлі Қоқан болды деп,
Мұхаметжан, Мұстафалар
талай өткен атпенен.
Алпыс төрт күн астана боп...
ештеңені тоспастан,
Арманы асқақ асылдармен
бір-ақ күнде қоштасқан.
Мұңлы Қоқан жылап тұрды,
көшелері қан-қан боп,
Осы жол ғой содан кейін
иір-қиыр ап қашқан.
Сол ақпанда оларменен
қоштасып та жатпастан,
Осы жолдар сол жандарды
ары-бері ап қашқан.
Ұмытылған бұл жылдары
сол бір күндер, сол жылдар,
Тар кезеңде сатып кеткен,
қызылдарға жақтасқан.
Ұмытылған, саналардан біржолата өшіріп,
Сыр айтпайды қариялар оңашада шешіліп.
Жауабы жоқ сұрақтар көп
мынау жердің бетінде,
Құстар қайтты жылы жаққа
биыл неге кешігіп,
Қаншама жыл іздемеген,
мән бермеген талайлар,
Аралардай талар мені
алуан ойлар сан айлар.
Мұрағаттар құжаттарды
сарғыш тартқан сақтаған,
Күлді маған ыңғайланғыш
қасқа маңдай ағайлар.
Бар ғұмырын ұлы майдан,
күрестерге арнаған,
Өтті өмірден жоқ іздеген,
отаным деп зарлы адам.
Қыран аз ба, бұл өлкеде қанаттары талмаған,
Мұстафадай ұлың да өтті,
қайғы арқалап көз жұмды,
Беу, опасыз жалған дүние,
кімнен кейін қалмаған.


Бәрі де қараң қалады,
Сенбес ем біреу десе мен.
Мұстафа Шоқай барады,
Қоқанда ескі көшемен.
Қолында барлық дерегі,
Қайтарар қалай есесін.
Жалғыз ол кезіп келеді,
Қараңғы Қоқан көшесін.
Түтігіп кеткен түр өңі,
Сұсындай суық қарудың.
Боп-боз боп кеткен реңі,
Кездескен қарсы арудың.
Большевик сөгіп, тілдейді,
Басқаша сөйлеп басында.
Кім қайда кетті білмейді,
Әскери поляк қасында.
Үмітін елдің ақтайды,
Суық ой бойды қарыды.
Ешқашан мұны сатпайды,
Поляктың мынау нар ұлы.
Бәрінен сол сәт түңілген,
Өзгерді талай қоғамдар.
Ары да бері жүгірген,
Абыр да сабыр адамдар.
«Кім қарсы, түгел өледі,
Өртеңдер, бәрін бұзыңдар».
Қырып сап бәрін келеді,
Қалаға кірген қызылдар.
Сабырмен соңын тоспасаң,
Сан рет үкім етіп ек.
«Түркістаныңда ешқашан,
Болмайды», – деді үкімет.
Тарады аңыз сан қыйлы,
«Төбеңді бұлттар торлайды.
Түркістан мынау қанқұйлы,
Тәуелсіз енді болмайды.
Анық қып бәрін жазайық,
Ұмытқын жайды әуелгі.
Империяға «ғажайып»,
Түркістан мәңгі тәуелді».
Бір-бірін іреп жүндеген,
Шаршады ел түрлі өкілден.
Шешендер түспей мінбеден,
Жиналыстарда көпірген.
Таба алмай қайтты сабылып,
Жер көкті тінтіп шарлаған.
Кемпірге жатты жабылып,
Қолдарын созып зарлаған.
Сорлы ана қайтсін зарламай,
Айырылса түгел туыстан.
Түркістан тағы сорлады-ай,
Сусып бір бағы уыстан.
Жалғанда, жалған, жалғанда,
Қоқанның қоңыр көктемі-ай.
Қол созым жер-ақ қалғанда,
Бағының тайып кеткені-ай.
Әрқайсы тұлға, ірі екен,
Қиырға салды замандар.
Қай жерде қазір жүр екен,
Ақпейіл сол бір адамдар.
Аз екен тағдыр опаңда,
Қағазға жазсаң сыр қалар.
Бір жүрген Ташкент, Қоқанда.
Қайда екен сол бір тұлғалар.
Көрмеген жандар шағынып,
Өртеніп жүрек күйеді.
Еске алам бүгін сағынып,
Қай жерде қалды сүйегі.
Сыр қалар бәлкім, жыр қалар,
Қоймаса-дағы құлыптас.
Сендерді асыл тұлғалар,
Түркістан мәңгі ұмытпас


Қан толған сай мен салалар,
Қолдарын жайған аналар.
Өртенген күл боп қалалар,
Панасыз қалған балалар.
Сұмдықты көрген кейіпті ел,
Қамкөңіл жанды күй ептер.
Ашылып қалған бейіттер,
Шашылып қалған сүйектер.
Қалайша тұрақ таба алар,
Тоғытып елді торға олар.
Өртенген кітапханалар,
Айдалған байлар, молдалар.
Атылды айтқан, сыр қылған,
Сенбесең өзің келіп көр.
Аштық пен соғыс, қырғыннан,
Тау болып қалған өліктер.
Ханменен кеше тең болған,
Ғұрпың мен ата салтың-ай.
Қарға құзғынға жем болған,
Қайран да менің халқым-ай.
Қайтпайды алған бетінен,
Сөнгенше соңғы жарығы.
Қаланың тапты шетінен
Бейітті поляк нар ұлы.
Тағы бір ақ таң атарда,
Тағдырға қатал налыды.
Лақатқа алғаш жатарда,
Суық ой бойын қарыды,
Кінәмшіл тіпті боп алды,
Бәрінен тез-ақ жеріді.
Азық ап қайта оралды,
Офицер поляк серігі.
Сенетін кім бар сырына,
Анасы шықпай түсінен.
Поляктың адал ұлына,
«Қарызбын», – деді ол ішінен.


Мұндайды бұрын көріп пе ең,
Сезгендей тіпті боласың.
Пана ғып жатты өлікпен,
Қоққанның шеткі моласын.
Атпайды таң да, күн шығып,
Өтпейтін ұзақ түндер-ай.
Өлгендерменен тұншығып,
Қатар бір жатқан күндер-ай.
Ештеңе жанды жылытпас,
Тілекті алла бермеуін.
Ғұмырда қалған ұмытпас,
Лақаттың тап-тар ернеуін.
Қозғалса маңдай тиеді,
Сенімді жанды сатпаңдар.
Өмірді шексіз сүйеді,
Өлікпен қатар жатқандар.
Әрекет тағы қыла ғой,
Аруақпен қолы тиіскен.
Тітіркенеді тұла бой,
Қолаңсы ащы иістен.
Өшірер қалай зейіннен,
Қозғалсаң көктей соласың.
Түсінде көрді ол кейіннен,
Өзбектің мынау моласын.
Бәрі де, бәрі жүректе,
Жазылған хаттай тұрыпсың.
Тірідей жатқан түнекте,
Моланы қалай ұмытсын.
Ұмытуға оны бола ма,
Жүздері жасқа боялған.
Жатқандай әлі молада,
Малшынып терге оянған.
Алыста қалған жерім деп,
Жүрегі шаншып ұратын,
Ұйқыдан кейде, елім деп,
Ауа жоқ... атып тұратын.
Көңілді қайғы торлаған,
Ауа жоқ, қатты тұншықты.
Қызыл үкімет орнаған,
Басына үлкен құн тікті.
Жуымай бір жан қасына,
Көп жайдан үміт күтіп ек.
Мұстафа Шоқай басына,
Құн тікті қызыл үкімет.
Өзгерер ме екен замандар,
Жалалы айып тізбеген.
Жосып жүр қанша адамдар,
Сабылып бұны іздеген.
Жаc жанын қатты қинайды,
Астында оқтың қалғандар.
Дүниеге мынау сыймайды,
Адыра қалып армандар.
Ел білмес мынау қанша сыр,
Күнәһар жандай боласың.
Ұмыта алмады қанша жыл,
Қоқанның мұңлы моласын.


Әкеден ерте жас қалған,
Өртелген әрбір кек қуды үй.
Самарқан жақты басқарған,
Махмуд қожа Беһбуди.
Жат жерде қалған жерлер-ай,
Айырылдық ұлыс, үлестен.
Қайран сол ғазиз ерлер-ай,
Түркістан үшін күрескен.
Сарғайған құжат сақталды-ау,
Жасалған бұл бір жақсылық,
Жіберуге де шақ қалды-ау,
Әскери сотқа тапсырып.
Құдиярдан қалған қорған бұл,
Хат-хабар күткен Жайықтан.
Сатқындар құрған тордан бір,
Бір Алла қақты-ау ғайыптан.
Айласын жасап түлкінің,
Төніп бір келген тажалдан.
Үмітін бүкіл Түркінің,
Бір Алла қақты ажалдан.
Жауын ап көздің құртының,
Гүлдердей ерте солатын.
Үміті түркі жұртының,
Осы үкіметте болатын.


Рахатты ақ нөсерден тауып қыр,
Батумиде түнгі жаңбыр жауып тұр.
Әлденеге алаңдаймын, неліктен,
Көңілімді мазалайды қауіп бір.
Түнгі жаңбыр көрмегендей күй кештім,
Жағалауда теңізбенен үйлестім.
Алматыға жер жетпейді бірақта,
Еш шаһарды Батумидей сүймеспін.
Құжаттарды ептеп ашып оқыдық,
Сайрап жатыр жүрген жолы жосылып.
Дерек таптым Мариямға қатысты,
Батумиде мұрағатта отырып.
Мені алға жетелеген осы үміт,
Жеттім мұнда жігіттерге қосылып.
Сарғыш тартқан мұрағатты ақтардым,
Батумиде жалғыз өзім отырып.
Ғимараты ерекшелеу өрілген,
Жасырын бір әріптермен терілген.
Мұрағаттан бір куәлік таптым мен,
Мұстафаның зайыбына берілген.
Салқын самал есіп тұрған ақ таңда,
Қызық кезді күнде қимай батқанда.
Шаңға батып мұрағатта отырдым,
Жолдастарым сауық құрып жатқанда.
Ессіз күнді еске алғанда қарағым,
Ерке шаққа оймен кетіп қаламын.
Есениндей мұңға батсаң шіркін-ай,
Бір жұтып ап Батумидің шарабын.
О, Батуми, cен ұйқымды ұрладың,
Ал, мен болсам тауларыңды жырладым.
Мына белгі дәлелдейді осы үйде,
Есениннің бір жылдары тұрғанын.
Есенин бе, қызық өмір сүріпті-ау,
Шаганэмен сауық-сайран құрыпты-ау.
Антон Чехов мына үйге түсіпті,
Ал мына үйде Чайковский тұрыпты-ау.
Таң тамаша сұлулығын тойлаппын,
Алыстағы Батумидей айлақтың.
Мұстафадан басқа белгі қалмаған,
Есіме алып неге жиі ойлаппын.
О, тау елі, менің де асқақ халқым бар,
Ат үстінде найзағайдай жарқылдар.
Әлдене деп жарысады жағаға,
Жел тербеген ақжал асау толқындар.
Көңіл құрғыр сол айлаққа ауып тұр,
Тау ауасы дерттерімнен сауықтыр.
Толқып жатқан жағасында теңіздің,
Батумиде түнгі жаңбыр жауып тұр.


Ех, Стамбұл, асылым,
Бүкіл түркі дүниесімен қолдасқан,
Иір-қиыр тарам-тарам жол қашқан.
Түркістаным деп толғаған тар кезде,
Қазақтарға пана мынау болды аспан.
Көз жетпейтін жағасында Мәрмәрдің,
Алыстағы елімді ойлап сандалдым.
Есіме алдым екі көзім жасаурап,
Ерліктерін Хақ Назардай хандардың.
Ех, Стамбұл,
түрік елі, жыр елі,
Маңдайдағы бағың сенің бір елі.
Арыстандай айға шапқан аяулы,
Жүрегімде Мұстафалар тұр еді.
Ех, Стамбұл,
асқақ шаһар, паң қала,
Азаңшыңды тыңдап тұрдым таңдана,
Түркілердің жоғын жоқтап алыста,
Дүниеге қарап тұрсың шамдана.
Ех, Стамбұл,
махаббаттың қаласы,
Жазылмады-ау жүрегімнің жарасы.
Ақ сағымды сағынышын жолдады,
Алыстағы Алашымның даласы.
Ех, Стамбұл,
бақша-бауың жайқалған,
Теңіздерің көкірегімде шайқалған.
Болмысыңнан айналайын, Ұлы ел,
Бізге туыс екендігі байқалған.
Төңірегім көрінбейді гүлдерден,
Сырыңды ұқтым
жұлдыз аққан түндерден.
Ех, Стамбұл,
тағы оралдым жоғалтып,
Сонау жылы ағамды мен бір келген2.
Ех, Стамбұл,
Құранменен нұрланған,
Көкейімде Шоқай айтқан тұрды арман.
Кенесары, Махамбетпен, Кейкілер,
Кімнен кейін қалмас дейсің бұл жалған.
Жағамнан ап сілкіледі бұл жалған,
Билік маған қыр көрсетті сұрланған.
Не айтамын бұдан басқа өзіңе,
Ех, Стамбұл, Құранменен нұрланған.


Қыр басында қалған шеше ербиген,
Күн сап қарап...
шыға салып төргі үйден.
Мүмкіндік жоқ,
бөгелуге,
қалуға,
Өлген кезде қабіріне салуға.
Бір уыстай топырақты түйілген,
Аманаттап берген сәтте ... күйінген.
Қайғы - мұңды кете барды арқалап,
Ыстық жасты кірпіктері қалқалап.
Жолдар қашты,
шықты алдынан шартарап,
Ұзай берді қасыретін арқалап.
Мұрша болмай өмір өтіп барасың,
Ойлауына қара бастың наласын.
Түркістаным, қасыретім, байтағым,
Өткен күннің естелігін айтамын.
Жан анамның алақанын сағындым,
Бауырымның балақанын сағындым.
Жан анамның ертектерін сағындым,
Ыстық сүтін, шелпектерін сағындым.
Қартайғанда жанын да мен болмадым,
Бір тілегін орындай да алмадым.
Туған ауыл атқан таңын сағындым,
Қып-қызыл боп батқан күнін сағындым.
Тағдыр мені неге осылай қорладың,
Қара бұлт көкірегімді торладың.
Сезсең ғой сен бұл қасырет салмағын,
Қартайғанда қастарында қалмадым.
Қала берді-ау естілместей күлкі үйден,
Есімде әлі жұпыны ел үрпиген.
Туыс бауыр қасыретін сезгенмен,
Бақыт таппай дүниені кезгенмен.
Атақ, мансап барлығынан безгенмен,
Түркістанның қасыретіне төзгенмен;
Төзе алмадым қайғысына анамның,
Сағыныштан сарғайғанын санамның.
Мұң-наласын арқалап бар ғаламның,
Қабіріне барып ғазиз анамның.
Ең болмаса құран да оқи алмадым,
Сезші жаным қайғымның бар салмағын.
Мен Түркістан жастарына сенемін,
Осы берік сенімменен өлемін.
Арман бар ма кіндік кескен жерде өлсең,
Арман бар ма туған жерде жерленсең.
Сол жас ұрпақ тербеткенде бөбегін,
Дүниеге қайта айналып келемін.
Тиді-ау менің талайларға кесірім,
О, Жасаған жасай көр тек кешірім.
Тағдыр өзі жасағандай шешімін,
Қалса болды естеріңде есімім.
Жалаңаяқ топырағында ойнаған,
Күн батқанша қызығына тоймаған.
Ұмытқам жоқ Наршоқының жартасын,
Жоғалтқам жоқ Түркістанның картасын.
Түркістанның аша алмадым есігін,
Ұрпағымның тербетпедім бесігін.
Тиген болса сырттарыңнан кесірім,
Барлығыңнан сұрайыншы кешірім.


Сәті жоқ оның сыр берген,
Ұмытпас сірә бір көрген.
Мұстафа Шоқай басынан,
Қабірден көкке шаншылған,
Жарқырап тұрған нұр көрген.
Қалмасын арман жаншылып,
Оянсын қайта қанша үміт.
Мұстафа жатқан бейіттен,
Аспанға қарай созылған,
Нұр көрген тұрған шаншылып.
Қас қақпай, қайтпай тірескен,
Империялармен сірескен.
Мұстафа Шоқай ер жатыр,
Бұл жерде бүкіл Түркінің,
Азаттығы үшін күрескен.
Күлтегін туған айбатты ел,
Тарихын терең ойлап көр.
Бұл жерде мәңгі ұйқыда,
Мұстафа Шоқай ер жатыр,
Қазақтан шыққан қайраткер.
Халықты қанап илеген,
Парықсыздықты сүймеген.
Парасат, пайым иесі,
Таңғажайып жан жатыр,
Дұшпанға басын имеген.
Асуда асу бел жатыр,
Шалқар да шалқар көл жатыр.
Топырағында немістің,
Татпаған дәмін жеңістің,
Елім деп өткен ер жатыр.
Қауызы гүл боп ашылған,
Жалғасқан көне ғасырдан.
Түркінің қамын ойлаған,
Ғарышқа қарай созылған,
Арманы шығар шашылған.


Айға да оны балаймын,
Күнге де оны балаймын.
Ақ таңның мынау атысы,
Дәл оның осы жатысы,
Зәресін алды-ау талайдың.
Биігін алып қыранның.
Қайтарып уын жыланның,
Тақия қойып қасына,
Сәлдені орап басына,
Нұрымен аптап құранның.
Адал боп қалған Тұранға,
Ерместен түрлі ұранға.
Жалтақтап жатсын жар кімге,
Кеткендей қалғып әлгінде,
Қолдарын қойып құранға.
Қазақтың қара нары еді,
Заманы неткен тар еді.
Ессізді кеткен ертпестен,
Ташкенде түнде серттескен,
Мариям адал жары еді,
Мариям асыл жан еді.


Шуағы күннің сүйеді,
Соққан жел келіп тиеді.
Ұлан да байтақ ұлы ел,
Түркіні тұтас етем деп,
Берлинде қалған сүйегі.
Артында қалды жазары,
Қардан да аппақ таза ары!
Бөленген мәңгі бесікке,
Түрікке қарар мешітте,
Мұстафа Шоқай мазары.
Қабірге өніп гүл шықты,
Сезімге жүрек тұншықты.
Латынша қашап жаздырған,
Төрт санға сыйған мына сөз,
Көзімнің жасын ыршытты.
Сөзімді тыңда жақсылар,
Жер емес бұл бір бақ сынар.
Ешқашан сені сатпайтын,
Қасыңда бар ма, жан досың,
Жаныңды сеніп тапсырар.
Көңілді бір мұң торласа.
Қиын ба, Алла қолдаса,
Түріктер салған, дариға-ай,
Моласын қайдан табар ек,
Мынандай мешіт болмаса.
Осы бір зират-мешіттің,
Аңыздай даңқын есіттім.
Берлинге,
осы бейітке,
Жете алмай іштей тынып мен,
Қаншама жылға кешіктім.
Бақытты қайдан табармын,
Жұлдыздай көктен ағармын.
Түркі деп өткен Күлтегін,
Ұрпағы жатыр бұл жерде,
Төныкөк, Білге қағанның.
Құрғамас кезі жастың да,
Қимасты тасқа бастың ба?
Сағыныш,
сосын көз жасы,
Махаббат пенен зар жатыр,
Төрт санның мынау астында.
Ақ жаңбыр тағы құйып тұр,
Бұл жерде жатыр сүйікті ұл.
Өмірдің мынау жалғаны,
Түркінің тұтас арманы,
Төрт санға қалай сыйып тұр.
Тұрандай байтақ жер жатыр,
Шөлдер мен қанша көл жатыр.
Осынау шағын бейітте,
Алтай мен Қара теңізге,
Созылған алып ел жатыр.
Жазылмай қалған жыр жатыр,
Айтылмай қалған сыр жатыр.
Жазықтар, таулар, еңістер,
Ойпаңдар, құздар, тегістер,
Тұлпарлар өткен қыр жатыр.
Бермейтін асу шың жатыр,
Бұйра да бұйра құм жатыр.
Түркінің ұлы үміті,
Осынау шағын зиратта,
Сағыныш жатыр, мұң жатыр.
Түркідей асқақ ұлт жатыр,
Жырақта, бөлек, сырт жатыр.
Қанаты құстың талатын,
Сүйгенін таңдап алатын,
Айбынды асқақ жұрт жатыр.
Жат жерде қалған бел жатыр,
Рухты дауыл, жел жатыр.
Сызылып кеткен картадан,
Осынау мұңлы молада,
Ежелгі біздің жер жатыр.
Адал сүт емген төл жатыр,
Мөп-мөлдір ғажап көл жатыр.
Таппайтын ешбір картадан,
Осынау шағын бейітте,
Баяғы Тұран –Түркістан,
Бөлшектелмеген ел жатыр.
Ешбірін айтпай сырдың мен,
Қобалжып, қорқып тұрдым мен.
Берлинде бейіт басында,
Мұстафа Шоқай қасында,
Осылай толқып тұрдым мен.
Осылай толқып тұрдым мен.


Бір ғасыр бұрын салынған,
Осынау ескі мешітте.
Ою-өрнекпен малынған,
Отырдым оң жақ есікте.
Шүкірлік айтты досым да,
Аллаға мұнда жеткізген.
Мариям өзі осында,
Шоқайдың асын өткізген.
Берілген асы сабаздың.
Париждей әсем шаһарда.
Уақыты келіп намаздың,
Тұрдым мен келіп қатарға.
Атқылап суы бұрқақтың,
Жайнайды гүлзар бақтары.
Жегенмен қамын ұрпақтың,
Бақытын іздеп таппады.
Жеңілдетеді өмірді,
Жабырқау жанға бұл ара.
Еріксіз тартты көңілді,
Азан айтатын мұнара.
Бір сәлем айтып елден де,
Бірдеңе келді сұрағым.
Айналып қайта келгенде,
Ұмытқан бір шал құманын.
Шариғатты айтқан сөзі де,
Оқыған құран мектептен.
Мұстафа Шоқай өзі де,
Осында талай кеп кеткен.
Қаншама тарих есіттім,
Кездесті мұнда ғалым да.
Толқыдым сол бір мешіттің,
«Дебасси» деген залында...
Тәубәға келер залымда,
Жырақтап жылдар кетіпті-ау.
Мешіттің осы залында,
Шоқайдың асы өтіпті-ау.


Осылай Париж бенен
Шелльге жеттім,
Мария Шоқай жатқан жерге жеттім.
Cуретінен мұңдана қарайды ол,
Мұстафа шексіз сүйген елге жеттім.
Мария адамзаттың гүлі екен ғой,
Сақтаған сандықтағы сыры екен ғой.
Шелліңіз Ножаныңнан қашық емес,
Француз халқы жомарт ірі екен ғой.
Ілезде ұмытылып сарсылғаным,
Қабірге қарай жалғыз аршындадым.
Мария адамзаттың асылы екен,
Жеткізген Мұстафаның жан сырларын.
Жазылғанмен өмірге келген жылы,
Бейітте жазылмапты-ау өлген жылы.
Бастапты естелігін Мұстафаның,
Дүниеге шыр етіп мен келген жылы.
Мария қандай сұлу,
ірі неткен,
Қаптаған көп қатынның бірі деп пе ең.
Ташкенмен Алмания аралығын,
Мұстафа Шоқайменен жүріп өткен.
Мария қандай ғажап,
ірі неткен,
Сөзі бал, бұлбұл әнші, нұры көктем.
Қиындықтың бәріне бірге төзіп,
Шіркіндер қол ұстасып жүріп өткен.
Мария неткен қайсар,
парасатты,
Болжаған, көре білген болашақты.
Айырылып қалғаны сүйгенінен,
Жазылмас жүрегіне жара сапты.
Жазықсыз жерде қанша жазықты еткен,
Қиялы ғасырлардан озып кеткен.
Есінде Петербург, Тбилиси,
Барлығын естелік қып жазып кеткен.
Мария жар ғана емес серігі еді,
Ән салған сахнаның көрігі еді.
Орыстың орманында еркін өскен,
Қиғаш қас, ай маңдайлы елігі еді.
Көңілі ұлы түрік даласындай,
Пейілі қазақтардың қаласындай.
Көңілі шалқып жатқан теңіздейін,
Ұлттың ұлағатты анасындай.
Ақ жүзі аспандағы ай секілді,
Шырайы жаңа шыққан шәй секілді.
Табиғи жаратылыс ерке болмыс,
Мінезі гүл жайнаған май секілді.
Еріні Өгем таудың өрігіндей,
Жүрісі Жезқазғанның елігіндей.
Жалғанда дәл осындай жар көрмедім,
Мұстафа Шоқай ердің серігіндей.
Жанары көк аспандай мөлдіреген,
Жібектей орамалы желбіреген.
Мейрімі алашымның әжесіндей,
Шаштары ақшыл тартып селдіреген.
Кездейсоқ аман қалған атылмаған,
Сақтаған архивтерде хатын маған.
Мария жар ғана емес досы да еді,
Тар жерде сыр бермеген, сатылмаған.
Мария неткен берік, төзімді еді,
Ешкімнен өзін төмен сезінбеді.
Апырай, Мұстафа үшін өмір бойы,
Аянбай еңбек етті, көз ілмеді.
Әдебі жаңа түскен келіндердей,
Ешнәрсе екеуіне тегін келмей.
Бір ғана Мұстафа үшін мәңгілікке,
Өткізді бар өмірін елін көрмей.
Қазақтың үкі таққан бесігіне,
Күні-түн дамыл болмай есігіне.
Анкара мен Ташкеннің күн туар ма,
Көшесін беретұғын есіміне.
Екеуі бірге өткізген сыр түндері,
Мариясыз аман қалу мүмкін бе еді.
Астана бір ескерткіш қояр-ау деп,
Асыға күтіп жүрмін бұл күндері.
Жырыма жарығыңды түсір жаным,
Қиялдың кептерлерін ұшырмадым.
Өмірін Мариядай асыл жанның,
Ұрпаққа үлгі етіп ұсынғаным.
Бұл өлең, өлең емес қарапайым,
Әр жолын зерделерсің балақайым.
Саяңа келген ғашық жандар білсін,
Аулақта сырын бүккен дара қайың.
Мария Шоқай атын ұлықтаңдар,
Тарихтан мұрағаттан сыр ұққандар.
Мария, Мұстафадай қол ұстасып,
Аяулы жандар өткен ұмытпаңдар.


О менің, қайда ұлы қағандарым,
Айтайын ойларымның саған бәрін.
Жылпос пен жағымпазға жаға алмадым,
Халқыма берер бақыт таба алмадым,
Түлкідей қырдан қашқан,
жалт бердің- ау,
Тағдыр-ай, неге мені тағы алдадың.
Баяғы ұлыстарым, өлкелерім,
Не деген байтақ едің, көркем едің.
Бір кезде сәбидейін еркеледім,
О, тағдыр, неге мені желкеледің.
Тыңдайтын, түсінетін бір жан болса,
Үзілген тарихымды шертер едім.
Айбыны арыстандай Түркілерім,
Білдің бе, жағаңнан ап сілкілерін.
Жаңыңа жақындатып түлкілерін,
Сезбедің кездігімен бір тілерін.
Өз жұртым қиналғанда жылап тұрып,
Өзгенің байқап қалдым күлкілерін.
Есіме ап әр жерде бір хаттар барын,
Кейбірі жүректерде сақталғанын.
Келмейтін жаққа мәңгі аттанғанын,
Намыстың қара жердей тапталғанын.
Өз жұртым жәбір көріп жылағанда,
Өзгенің сездім, қалқам, шаттанғанын.
Көк аспан қара жерді езе алмайды,
Қайғыны қара жүрек сезе алмайды.
Түбі бір туыстардан безе алмайды,
Арыға бұдан былай, төзе алмайды.
Бөлінген шекараға күзеттерден,
Өз жерін өзі еркін кезе алмайды.
Жан-жақтан соғып тұрған жел болатын,
Сулары шалқып жатқан көл болатын.
Тілімнің мәртебесі төр болатын,
Дұшпанның жымысқы ісі нөл болатын.
Түркілер бірігетін, ел болатын,
Құмы да гүлзар бақты, орман тоғай,
Баяғы Тұран дейтін жер болатын.
Баласын аманат қып тірі ұстады,
Шошытып жүрістері, тұрыстары.
Осылай болу керек, дұрыс бәрі,
Аспанға көтерілген қылыштары.
Бабамның қанды майдан ұрыстары,
Қайғыңды жер қабылдап, қыр ұстады.
Қайтадан тұтас болып бірігіңдер,
Ежелгі түркілердің ұлыстары.
Қабырғам бірте-бірте сөгілгені,
Қанымның қара судай төгілгені.
Жаныма батты атамның егілгені
Жүйкеміз жүйке емес, темір ме еді,
Қу көңіл қара түндей көмір ме еді?
Жан-жаққа қараңыздар, бауырларым,
Қайда алып бара жатыр өмір мені.
Мылтықты бекер ешкім оқтамайды,
Атсейіс тұлпар босқа баптамайды.
Мәні жоқ сөзіңді ешкім сақтамайды,
Сатқынды ешқашанда жоқтамайды.
Біріксең, біреу келіп таптамайды,
Жалтақты ешбір пенде жақтамайды.
Бұл күнде бөлек-бөлек ел боп кеткен,
Түркістан үшін майдан тоқтамайды.
Бақытсыз ақ босаға аттамайды,
Қайғыңа қалың қазақ қаптамайды.
Өлгеннің сыбағасын сақтамайды,
Ақымақ ел үмітін ақтамайды.
Дүниеге талай ұрпақ келіп-кетер,
Түркістан үшін күрес тоқтамайды.
Бұл күнде бар да қайғы, жоқ та қайғы,
Бұл жолға бөтен келіп топтамайды.
Қайғыңа қалың Түркі қаптамайды,
Кейбірі үмітіңді ақтамайды.
Жақсылар бәрін кек қып сақтамайды,
Түркістан үшін тартыс тоқтамайды,
Бір алла, Түркі жұртын сақтағай-ды.
Туады, туады әлі данышпандар,
Қиялы ғасырлармен жарысқандар.
Дұшпанмен қайтпай мәңгі алысқандар,
Әлихан, Мұстафадай арыстандар.
Ежелгі ата салтқа жақындаңдар,
Жат діннен біржолата алыстаңдар.
Дүниеге келер, туар ұландарым,
Самғайтын көк жүзінде қырандарым.
Сендерден бір-ақ тілек сұранғаным:
Түркі мен Алаш болсын ұрандарың.
Мына елге пана болып тұрар дарын,
Жат жұрттың жақындатпай қағып таста,
Ысқырған жеті басты жыландарын.
Қыздарға ақ босаға аттататын,
Құранның сүрелерін жаттататын.
Дәстүрді жат жұрттыққа сақтататын,
Дұшпанға қимастарын жоқтататын.
Шешуші аспанға бір оқты ататын,
Туады бір Түркі ұлы Түркістанға
Жаулардың жорықтарын тоқтататын.
Бақытқа қарай аттан, жосылыңдар,
Жаманнан қара ниет шошыныңдар.
Мынауың, анауыңмен, осының бар,
Байтағың, ірілі, ұсақ, қосының бар.
Тарыдай шашыраған, бауырларым,
Қайтадан мемлекет боп қосылыңдар!
Шырқарың әуелетіп бір ән болып,
Жаттайтын ұлы сөзің құран болып.
Түркістан, Түркі сөзі ұран болып,
Туларың көкте самғар қыран болып.
Қайтадан дәуірлейтін заман келіп,
Түркілер, бірігіңдер Тұран болып!


Түркістаным,
атсын күліп ақ таңың,
Алуан алуан гүлге оранып бақтарың.
Көп адамдар мән бермейтін секілді,
Қасіретіңде қасиетің жатқанын.
Тау теңселіп, төңірегіне шашып от,
Ұмытылмайды ол, мейлі қанша ғасыр өт.
Түркістаным қос рельс тәрізді,
Қасиет пен басыңдағы қасірет.
Уақыт шіркін ағын судай өтеді,
Тарихымыз ұмытылмайды кешегі.
Мұстафаның қасіретін о, Алла-ай,
Әлі күнге ұқпайтындар жетеді.
Осы жолда қанша жанмен достастым,
Қанша доспен қимасам да қоштастым.
Алматыда өлең үшін алысып,
Өскеменде Шоқай үшін соттастым.
Ардақтым ол, есімнен бір шықпайтын,
Тұлға таптым бұл ісімді құптайтын.
Жанды көрсем пергім келіп тұрады,
Мұстафаның қасіретін ұқпайтын.
Дүниеге келер ұрпақ білімді,
Қабылдайтын кеудемдегі күнімді.
Төңірегімде толып жүрген топастар,
Ділім түгіл түсінбеді-ау тілімді.
Шексіз сүйді ол Түркістанның тауларын,
От боп жанып,
алау болып лауладың.
Ешқашанда илікпейтін, қайтпайтын,
Өскеменде сотта көрдім жауларын.
Даңқын оның аз ба адамдар күндейтін,
Аз ба адамдар түсінбейтін, тілдейтін.
Талай қандас пақыр көрдім, япырай,
Мұстафаның кім екенін білмейтін.
Тірісінде молада да жатып ап,
Күресті ол жауларымен ақымақ.
«Шоқайыңды білеміз ғой», – дейтіндер,
Жала жапқан кітаптарды оқып ап.
Бәйтергім, асқар тауым, еңселім,
Ойларыңнан қуат алам жеңсе мұң.
О, дүниеге ала кеткен өзіңмен,
Қасыретіңнен айналайын мен сенің.
Ғасырларға шашып тұрған жарығын,
Түсінбейтін пенделерге налыдым.
Соңғы түрік қалғанша сен тірісің,
Қасиетіңнен айналайын Алыбым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу