Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  100


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Сен мені іңкәр еттің...

Сен мені іңкәр еттің,
ақ қанат гәккуімдей,
мендегі сұңқар екпін,
тынар ма аққу ілмей?
Күй толы ішектердей
көгілдір көкжиектен,
сусылдап құс өткендей,
тұсыңнан мен жиі өткем.
Көліңнің толқындарын,
көк дауыл шайқағанда,
сен мені, бәлкім, жаным,
боларсың байқаған да.
Уілдеп үпілмәлік,
әніңе ән қосқанда,
жүрегің лүпіл қағып,
самғарсың сен де аспанға.
Алқынып қусам — қашып,
келе алмай жарасымға,
жүрер ек душарласып,
ақ бұлттың арасында.
Мен шырқар зеңгірлерге
бір шықсаң — қайтпас едің,
төркінің — мөлдір көлге
сәлем де айтпас едің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу