Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  87


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ПАТША КӨҢІЛ. АМНИСТИЯ

Кешірем бәрін,
иттікке етім үйренген,
найзағайлар мен найза біткенге түйрелгем,
бас білмес аттың
құйрығына да сүйрелгем,
бәрібір менің қабырғам аман күйреуден.
Кешірем сені,
екі айыр екіжүзділік —
жыланның тілі:
жауыздық пенен ізгілік,
бауырыма басып жылытам дағы жібітем
жүрек біткенді жіберсе дағы мұз қылып.
Кешірем тіпті,
айырылған жанды есінен,
айныған Күнді,
айрылған Жерді осінен,
аяйтын болса ақымақ болған пендесін
тәпсірі күшті тәңірдің өзін кешірем.
Кешірем бүгін,
мазмұнның өзін шешінген,
кешірем өртті,
топан суды да есірген.
Сені де кешем,
жолынан тайған періште,
бәрін де кешем,
өзімді ғана кешірмен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу