Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  71


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖАНАРТАУ

Не қажет қара басыма?
түкірдім-дағы түңілдім!
бір қарап шаранасына
дүниеге келген жырымның,
барамын дар ағашына,
осыны бүгін ұғындым.
Мен дағы асық иіргенмін,
бала болғанмын икемді,
айналып тасы диірменнің
ұнтады жүрек-жүйкемді,
тағдырға басым иілген күн —
ішімде қасқыр ит өлді.
Кеудеме қонар шау қарға,
көзімді шұқыр отырып,
от ойнап самарқау қанда
тұрармын сонда секіріп! —
сенбеңдер жанартауларға
сөндім дегені — өтірік!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу