Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  103


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ТЕРІСҚАҚПАЙ

Өмір өтер
«ерте ме, кеш пе» деме,
жабысқанның сыйы сол қос кемеге,
адамдардың зердесін шаң басады,
артымызда қалмайды ештеңе де.
Көз жұма сап боламыз кенет
ұмыт,
жоқтамайды көк пенен жер өкіріп,
өз қайғысы өзінде келер ұрпақ, —
«ұмытпаймыз!» дегеннің бәрі өтірік.
Қара жердің қойнында сыналанып,
баяғыдай жатады бұлақ ағып,
ұрпақтардың мойнына кигізілер,
мойнымыздан шешіліп мына, қамыт.
Қожайыны сен болсаң кең даланың,
қамытыңды ала қой,
кел, қарағым,
жал-құйрығын жел сүзіп,
желіп кетер,
уақыт деген ғайыбың мен боламын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу