Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  101


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ОТАНЫМ

Қашқандар мен босқандардың
панасысың, Отаным,
асқандар мен тасқандардың
табасысың, Отаным,
жанарымның ағы менен
қарасысың, Отаным,
Жазылмайтын жүрегімнің
жарасысың, Отаным.
Арал болып, Семей болып,
қансыраған, Отаным,
көздің жасы өгейленіп,
тамшылаған, Отаным,
малы азайып, жаны азайып,
қаны азайып, Отаным,
біткен кезде кедейленіп
хал сұраған, Отаным.
Ақыныңды өлгесін тек
аялайсың, Отаным,
әкіміңнен өңгесін көп
аямайсың, Отаным,
мешітке де, түрмеге де,
зиратқа ұқсайтын
біздің ұрпақ салып бітпес
саяжайсың, Отаным!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу