10.06.2022
  85


Автор: Серік Тұрғынбеков

ТӨРЕЛЕР ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Қазақтың бір елі бар – Төре деген.
Уықтай – бастау алған керегеден.
Жиылып көтереді шаңырақты,
Құралып –
Желбау,
Үзік,
Дөдегеден.
Тұрған соң
Шаңыраққа тіреу болып,
Бетіне тиіспейді біреу келіп.
Төрінде төбедей боп
Төре отырар –
Құрысып қан тамыры білеуленіп.
Құрбан боп төлеңгіттер жолдарында,
Жапырлап жүреді ылғи жан-жағында.
Көтеріп шаңырақты тұрғаннан соң,
Түндікті ашып-жабу қолдарында.
Іргесі – Ақорданың қара халық,
Батырлар шыға қалса дараланып.
Жалғыз-ақ бас тартары солар ғана,
Қалың ел қала ма деп жараланып.
Солармен бірге болып ой-талабы,
Халқына беріп,
Оны қайта алады.
Қозғалса қара халық,
Қалың толқын –
Іргесі Ақорданың шайқалады.
Толысып болмаған соң байлығы әлі,
Төрелер содан ғана қаймығады.
Ақыры арызданып,
Қарызданып,
Жүрегі Ақ патшадан шайлығады.
Сол еді Ақ патшаңа керегі де,
Батырып ұстау керек тереңіне,
Батыры,
Ақыны да өз қолында,
Күн санап кірбің түссе ел өңіне.
Бұл елдің пайдалы емес бай болғаны,
Оқуы аз,
Өнері кем – жай болғаны.
Ұнайды о бастан-ақ төрелерге,
Халықтың қайыршыға айналғаны.
Әйтпесе,
Батыр шығып баса-көктеп,
Ақыны оны тағы қошеметтеп.
Төренің төбесінен жай түсіріп,
Қолынан келгендерін жасап өтпек.
Жәңгір хан –
Тумысынан киелі еді.
Халқымен жұмысы да жүйелі еді.
Қазақты алдарқатып азын-аулақ,
Түбінде Ақ патшаға сүйенеді.
Ақ патша бірде олай,
Бірде бұлай,
Бой тартып,
Кейде қашып,
Кейде құлай.
Там-тұмдап,
Қызықтырып жем тастайды,
Қисайған кем-кемтігін жөндеп ұдай.
Соған мәз төреңіз де, қараңыз да,
Айналып айтқан сөздің бәрі аңызға.
Серт еткен Ақ патшаға көрінуге,
Секілді түк болмаған арамызда.
Қалпымен өмір сүріп, жамау-жыртық,
Шендіні шетке шыққан тергеп, тінтіп.
Жолданған Ақ патшаға арыз-халді,
Жеткізбей жоғалтады жолдан құртып.
Әйтсе де, елдің іші – ырың-жырың,
Бірі жоқ әдет-ғұрып бұрынғының.
Қол бастап шығып еді –
Исатай Ер,
Жол бастап кеткен жоқ па Сырым бұрын.
Сол жолдың ізі қайта шиырланып,
Қияннан, басын қосып қиырдан жұрт,
Дегендей харакетке кіріскендей
Қапыда қалмайық деп биыл да аңғырт.
Бұл бір жай қазаққа да, татарға анық.
Ел шеті бірте-бірте отарланып.
Қар жауып қабағынан
Қара халық,
Қалың ел бара жатыр қаһарланып.
Болмай тұр кедейге де,
Байға рахат,
Төреге одан кейін қайбір атақ.
Дөңбекшіп,
Дауыл – халық
Тулағанда –
Жәңгір де жата алмады жайбарақат.
Ер Жәңгір
Ежелден-ақ тегі мықты,
Халқының қапасы мен кегін ұқты,
Білім ап Астраханның қаласынан,
Билікке жастайынан жегіліпті.
Білгенге арғы әкесі Нұралы еді,
Қырандай құла түзде қырағы еді.
Ойда – орыс,
Қырда – қытай тимесін деп,
Халқының басын жиі құрап еді.
Болатын Әбілхайыр арғы атасы,
Хан еді домалаған өрге тасы.
Жан-жақтан қалың елін
Жаудан сақтап,
Кетпеген бостан-босқа ел батасы.
Оқушым,
Дұрыс болар ұғынғаның,
Халқының сақтамақ боп шыбын жанын
Қоқаңдап бірде қытай,
Бірде қоқан
Орыстың қолтығына тығылғанын.
Қауіптен құтылмаққа оқыс төнген,
Араз боп ағайынмен кетіскенмен.
Кіріптар болмаса егер,
Кірер ме екен –
Жат жұрттың қолтығына жетіскеннен.
Бөкейдің өзі болса бел баласы,
Жәңгір хан – осы күні ел данасы.
Орал мен Орынборды таңғалдырған,
Жыл толып хандығына берген асы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу