10.06.2022
  135


Автор: Серік Тұрғынбеков

ИСАТАЙДЫҢ СОҢҒЫ ШАЙҚАСЫ НЕМЕСЕ БАТЫРДЫҢ ӨЛІМІ

1
Исі қазақ ішінде
Исатайдан асқан ер бар ма?
Бекетай құмның бауыры,
Тастөбеде деген жер бар ма?
Құба дала,
Құм Нарын –
Қуалай қонған ел бар ма?
Исатайды жоқтаған
Махамбеттің жырындай
Көңілге түскен шер бар ма?
Енді осыны еске алып,
Өткен күнге өкініп,
Болашаққа бекініп,
Баян етіп бәрін де,
Жұбататын көңілді –
Өлеңнен артық ем бар ма?
2
Тізесі батқан талайдан,
Төренің төпеп ауылын.
Келеді батыр Исатай,
Соңына ертіп қауымын –
Кегін алып жауының.
Келе жатқан кезінде,
Байдалы дала төсінде,
Желе-жортқан кезінде.
Екі мың сарбаз еншісі –
Басқада емес, өзінде.
Жедді айының ортасы,
Бейсенбі күн,
Бесінде –
Жел соғады желігіп,
Көрсетіп сұсты сесін де.
Аранын ашып тұрғандай –
Артына сақтап дауылын.
Ауыл – елді басынған,
Бес қаруын асынған.
Соңында бес мың қолы бар,
Құрулы тұрған торы бар,
Кезігіп қалды Исатай
Әскеріне орыстың –
Истомин деген дәуінің.
3
Истомин аздық еткендей,
Геке келді бір жақтан.
Екі мыңдай қолы бар,
Жеке келді бір жақтан.
Қалың құмға ұрынбай,
Төте келді бір жақтан.
Исатайдың әскері
Қажып, әбден қалжырап,
Кезеңі еді –
Құр жатқан.
Мезгіл еді,
Дүние-ай,
Қараңғылық құрсаулап,
Жаңа ғана күн батқан...
4
Толастатпай шайқасты,
Таңға дейін айқасты.
Түні бойы екі жақ
Бірін-бірі байқасты.
Жарық түсе,
Таң ата,
Жарақты жау
Аранын
Әбжыландай қайта ашты.
5
Жалын отын төндіріп,
Зіркілдеді зеңбірік.
Бара жатыр еріксіз
Жаудың жағын жеңдіріп.
Исатайдың ерлері,
Қолдан намыс бермеді,
Қалың топқа лап қойды –
Аз болса да тең жүріп.
Аңдағанға осы сәт,
Аласапыран,
Қым-қуыт,
Ызы-қиқу,
Сергелдең,
Жаңа ғана өзеннен
Кеткендей-ақ сең жүріп...
6
Ойламады Исатай
Осы жолы өлем деп.
Жарды соққан тасқындай,
Жауды қуды кемерлеп.
Қарсы келген хас дұшпан
Талайлары құлады,
Көз алдында сереңдеп.
Алаңдайды Исатай,
Алды-артына қарайлап,
Жан-жағына елеңдеп,
Ер Махамбет бастаған,
Елден жиған қалың қол
Енді қашан келер деп...
7
Таң мезгілі бұл әлі,
Көкжиектен нұр тайған.
Өзіміздің Исатай,
Өкіре кеп құлады,
Өте беріп бір сайдан.
Одан әрі сөз қылман,
Бұл сұмдықты қарашы!
Қалың айқас сәтінде,
Қанға бөгіп,
Көз жұмған –
Келіні мен баласы.
Күн күркіреп,
Жер налып,
Көктен жасын түсті ме?
Бар төңірек зар қағып,
Күйін шертті
Күштіге.
Қанша батыр болса да,
Құлап түсті Исатай
Қос боздақтың үстіне.
8
Мейірлене аса бір,
Бауырына баса бір,
Қос құлынын құшқанда.
Қарап жатпай нәтінде,
Дәл осы бір сәтінде
Қармап қалды дұшпан да.
Оқшырайып оқпаны,
Зеңбіректің доптары,
Топырлады толассыз –
Дәл осы бір тұстарға...
9
Өлді Исатай,
Осылай –
Қос құлынын құшақтап.
Қып-қызыл қан сай іші,
Аспан – қара,
Қыс – аппақ.
Жанталасқан жауыздар,
Арыстанды ақыры
Торға қамап түсірді,
Зорға қамап түсірді –
Жан-жағынан тұзақтап!
10
Мұны естіген Махамбет
Тұла бойы дерттеніп.
Жауды жайпап құртпаққа,
Өз-өзіне серт беріп.
Мұздай темір құрсанып,
Бес қаруын бөктеріп,
Алқымға ыза кептеліп.
Соңына ертіп,
Сан қолды –
Ата жаудың соңынан
Қуып кетті
Кектеніп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу