10.06.2022
  96


Автор: Серік Тұрғынбеков

ЖӘҢГІРДІҢ ЖОЛЫ

Жаралған жақсылыққа жан-жүрегі.
Жәңгірдің айналасы ән-жыр еді...
Аң аулап, саят құрар
Анда-санда,
Астында –
Тоқпақ жалды қан күреңі.
Ертіп ап
Серілерін,
Серкелерін,
Сұңғыла сұлуларын – еркелерін.
Аралап қайтқандайын болатұғын,
Құм емес,
Таңғажайып ертегі елін.
Қолтықтан –
Қоян,
Түлкі,
Қасқыр қуып.
Асауды үйрететін бас білдіріп.
Суытпай ат аяғын,
Суыт жүріп,
Алатын таң асырмай асқындырып.
Ол күнде шын дос еді Махамбетпен,
Бірге еді дәм-тұзы да татар көппен.
Қыз қуып,
Қызық қуып,
Думандатып –
Даңқы да,
Дақпырты да қатар жеткен.
Дос еді – арасынан қыл өтпестей,
Көңілдің қылауы жоқ – кірлетпестей.
Мылтығын бір-біріне ұмсынғанда,
Сенісіп,
Жүректері дір етпестей.
Бөлінбей қараға да,
Төреге де.
Жатсынбай жаңаға да,
Көнеге де.
Тартатын безілдетіп,
Кезек-кезек –
Қобызды іліп қойған керегеге.
Сағынса бірін-бірі тосып алып,
Сонда да осы қауым, осы халық.
Үшеуі аңға бірдей аттанатын,
Қасына Исатайды қосып алып.
Не жетер өлең айтып, ән білгенге,
Жадырап тоят табар – жан күлгенде.
Беделі Исатайдың
Бір кем емес
Халқына
Хан баласы Жәңгірден де.
Жәңгірдің жаттығы жоқ,
Жаны – жайсаң.
Сымбатты жігіт еді,
Өзі бойшаң,
Кескінді,
Келте сөзді,
Кесек мінез,
Кісіні кешірмейтін «серттен тайсаң».
Жастықтың өтті талай сынар күні,
Бағамдап білген дейсің кім арғыны.
Бір міні
Бойындағы сол ғана еді –
Билікке бала жастан құмарлығы.
Кім жүрер бәрін байқап,
Бәрін қымтап.
Диірмен де тарта бермес үнемі ұнтақ.
Әттең-ай,
Қатар алып кім жүріпті,
Кісіге бұйырғанда бақ пенен тақ.
Тағдырдың жолы бар ма тағайынды,
Қас қылған бір-біріне ағайынды.
Қаланған тас кірпішін татулықтың
Мансаптың айбалтасы қақ айырды.
Кісінің қуанғаны – қамыққаны,
Жадырап жұбанғаны – жабыққаны.
Екіге ел айрылды,
Амал бар ма,
Хан жағы,
Болып және
Халық жағы.
Басталды
Алас-күлес,
Қуғын-сүргін.
Басылар күні бар ма дудың бір күн.
Батырлар семсер ұстап, серт берісті,
Бәрібір «өлдім бір күн, тудым бір күн».
Қоздырып тайталасты патша жағы,
Ағайын бірін-бірі жат санады.
Халықтың қайсарларын, жайсаңдарын
Төрге емес,
Көрге қарай қақпалады.
Осылай күндер өтті қасіретті,
Арада талай-талай ғасыр өтті...
Артында – Ақындардың сөзі қалып,
Алдында – Батырлардың басы кетті!
***
Бірі – Батыр,
Бірі – Хан.
Бірі – Ақын,
Бірі – Нән.
Бірі – Сері,
Бірі – Паң.
Қатар тұлға,
Қос тұғыр.
Аңыз болған достығы,
Көк аспанның қос күні,
Қара жердің қос шыңы.
Әттең, дүние,
Не керек,
Айыруға келгенде,
Ақыл-айла жетпейді
Екі бірдей жақсыны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу