Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  150


Автор: Жұматай Жақыпбаев

КИНОДА

Сән басып, кірпіктерін жерге тігіп,
Жүрістен тал мүсіні тербетіліп.
Сызылып жайғасты бір орындыққа,
Қуандым дәл қасына мен де отырып.
Маңайға жұпар таудың гүлі де аңқып,
Жүзінің бара жатыр нұры балқып.
Саусағы етегін сәл түзеп салды,
Біріне ақ балтырдың бірін артып.
Біресе қызықтай ма-ау тас төбені,
Әйтеуір, елер емес әсте мені.
Алқызыл шырынды ернін жымқырып ап,
Маңайға паң пішінмен қас кереді.
Көзінде қара алмастың оты бардай,
Қарайды қара шашты тоты қандай!
Ішімде алпыс мың жын ойнақ салып,
Барамын мынау жерге отыра алмай.
Жүзіне қарағам жоқ көп те үңіліп,
Ерінім кеберсиді тек түріліп.
Көмейден тас тығылған жалын шығып,
Қоямын әлсін-әлі жөткірініп.
Пысынан бас салбырап, иық түсіп,
Ішімнен өз-өзімнен күйіп-пісіп,
Әуремін сұлу бас пен сән мүсінін,
Қиялда қайта-қайта сүйіп-құшып.
Ішті бір іңкәрліктің әні кернеп,
Барады басқа бақтың бәрі жер боп.
Отырмын, кино бітсе, тағы да бір,
Арманым менен мәңгі қара үзер деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу