Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  98


Автор: Жұматай Жақыпбаев

АЙДАРБЕКТЕ. САУАЛ

(А.Сүлейменовке)
Талайсыздың шағылар тауы тағы,
Тәуба айтпастар тәуір-ақ қағытады.
Көз алдыма көлбеңдеп өркешті жон,
Бекбаудағы бәйге жол шаңытады.
Аталы күй баурайды жан-денені,
Айғайламақ боласың әлденені.
Самолеттің ақ түтін құйрығындай,
Сабау жолмен зуылдап шаң келеді.
Пайдасынан жылқының пайда өте ме,
Жүйрігіңнен жақын ба қайын ата, ене?!
Құдай өзі жасаған Колизейдей,
Айдарбектің ақ жары – бәйге төбе.
Арқасынан жайлы емес төсек деген,
Битайкердің есінен ес өтпеген.
Ылди көрсе зымырар – бобслей,
Өрге келсе ерінер есеппенен.
Қажырымен қарыштай жол шегеріп,
Кетейін деп осыдан өлсем өліп,
Біздің жирен жылқының кеңкелесі,
Өрді көрсе кететін өршеленіп...
Жалғыз атты жадау күй жарлы кешкен!
Аңсағаным атамнан арғы кештен –
Жарқ еткенде жиреннің маңдай шамы,
Нокдаунға кеткендей таңдым естен.
Мінім, мұңым мінегіш досқа мәлім,
Қостағанын білмеймін, қоштағанын.
Біреу жатыр бетімді сілемейлеп,
Біреу жатыр тықпыштап тостағанын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу