Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  199


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ӨЗІН ТІРІДЕЙ КӨМДІРІП, ҚАЙЫР СҰРАЙТЫН ЙОГ ТУРАЛЫ ҮНДІ АҚЫНЫНЫҢ АЙТҚАНЫ:

– Шек болмайды ақыл менен өнерде,
Көз керек қой оны бірақ көрерге.
Йогтардың біткеніне сенгейсің,
О, Индия, құммен оны көмерде.
Раджаша өспегенмен шіреніп,
Күндер кешкен күн жүзінен нұр еміп.
Йог – халық рухының бейнесі,
Озбырлықтан болады ол да тірі өлік.
Қайта тұрып кете алмайды өліктер,
Қайта туып бола алмайды көріпкел.
Йог өнері – тірі өліктер өнері,
Мықты болсаң тірі өлікті көміп көр.
Жер астында жер астынан жерінем,
Үндінің де ала алмайтын ері дем.
Йог өзін көмдірген соң тірідей,
Алақанын шығарады көрінен.
Қызықтайтын тірі өлгенін таңда кеп,
Созады йог алақанын жанға көп:
«Мен тірідей өліп бара жатырмын,
Мейірім менен шапағатың бар ма?» – деп.
Шықпағанмен жұрттың азан-озаны,
Жұмылғанмен, ақпаған соң көзі әлі.
Қайыршыша көшеде йог қол жаймай,
Тірі өлік боп көрден қолын созады.
Сәби көңіл, сәуледе бар пиғылмен,
Ғұмырымды мейірім үшін қидым мен.
Адамзатқа ақын айтқан сөздерді,
Йог біткен қайталайды қимылмен.
Мәз емес қой жай-күйімді көрсе адам,
Бақыт маған татыра ма өлсе дәм.
Құмға емес, мұңға мен де көміліп,
Көрдей мұңнан қол созамын мен саған,
О, Индия!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу