Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  74


Автор: Жұматай Жақыпбаев

КӨКТОРҒЫН ШАЛҒЫН КӨК ГҮЛМЕН ТҰР-АУ ШҰБАРТЫП

Төменнен шығып төбетше самал үргенде,
Төбеде шалғын-толқындар ұйытқып бір демде,
Көгілдір оттай, көкпеңбек көздей қалампыр
Жанасар еді уыздай сары гүлдерге.
Жасыл тебенге жапсырған сары оймақтай,
Сап-сары гүлдер самал тоқтаса қойды ақпай,
Көбелек сонда, жан біткен гүлдей кенеттен,
Шашырап ұшып жөнелер еді ойнақтай.
Жап-жасыл күйі жататын жонды сан апта,
Бітпейді жаздай бұршақ пен жаңбыр сабап та.
Бір қарыс енді бес-алты кер жол кескілеп,
Бөледі және белбеудей неше танапқа.
Ұйқым да қашып, үйдегі қымыз ішілмей,
Отырмын қазір Роден салған мүсіндей,
Құйқалы жерге қырсығып шыққан сүйелдей
Қыналы таста
Еш нәрсеге де түсінбей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу