Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  108


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ҚҰСТАР, ҚҰСТАР

Құба арнаға құйылғанда қыс кәрі,
Сайрайды кеп біздің ауыл құстары.
Гангыға да, Нілге де олар белгілі,
Жерлерге де елімізден тысқары.
Айдындарды жарық қылар күлкісі,
Жас ғалымды мас қылатын түр-түсі,
Гаваядан қонбай ұшып жетеді,
Қол басындай қоңыр қанат жылқышы.
Ағаштарға қол соқтырса тасты көл,
Береді олар шіркей жеп-ақ гастроль.
Миуа бақта мыңсайрам-ақ ойнайды,
Ол жақта да, бұл жақта да басты роль.
Сарғалдақты түріп айдап самала,
Жылқы түгі жылтыраған шамада,
Ебі соғар ен далаға жетеді,
Ернар* тапқан руда жоқ шағала.
* Ернар Әуезов – белгілі ориентолог.
Ағаш іші, жекен іші мол үнді,
Христиан жұмағынан көңілді.
Күй төккенде, жазған басым жаңылам,
Қанат па деп қаға жаздап қолымды.
Құба арнаға құйылғанда қыс кәрі,
Сайрайды кеп біздің ауыл құстары.
Гангыға да, Нілге де олар белгілі,
Жерлерге де елімізден тысқары.
Кеуде төсеп қарашаның желіне,
Қиқу салып, қанат бұлғап еліме,
Жиһан кезіп кетпегенмен, бір күні,
Біраз ауыл іздейді ғой мені де.
Тарап кетіп таңдайымнан талай үн,
Менен де әуен күтеді әзір маңайым...
Көкейкесті күй төгетін күніге,
Құстар маған, мен құстарға ағайын.
Құс байғұсқа қанат жимай бола ма?
Қарлығаштар алакөлең қораға,
Ауызымен үй салғанда, қиналам
Болғаныма осыншама қолаба.
Басқа жерге тұз төксе де ұшпаймын,
Аман жүрсем, Алатауды қыстаймын.
Қос топшысы қоналқада салбырар,
Ұя-жайдан ұяттылау құстаймын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу