Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  373


Автор: Нұргүл Оқашева

СЕЗІМІММЕН ТЫНЫСТАП…

Көп сұрақты… көкірек тұсымды ала,
Көк – бел оймен көмкердім құшырлана.
…Мен көктемді жыр қылдым, көктемге емес,
Саған ғашық болғаным үшін ғана.
Саған деген шексіз-ді ұмтылысым,
Көңілімді кептейді-ай күрсінісім.
Жүз күнімнен дайынмын безінуге,
Өзіңменен өткізер бір күн үшін.
Ол да қиял… Қиялды үгітті өлең,
Сыр бергендей сырқатым сынып кемем.
Ұлпа қардай үлпілдек үмітпенен,
Нəрестенің мүбəрак иісіндей,
Сезіміммен тыныстап… жүріп келем.
Аласұрдым, алқындым – бекер мұным,
Қалай, қайтіп ұқтырам, нетем, күнім?
Менің мінсіз күлкім мен қуанышым,
Сенің тəтті жеңісің екендігін.
Жəудіреген жанардың жасы күліп,
Күйзелісті мендегі тосып үміт.
 Кірпігімнің үстінде жалған күлкім,
Ал астында мұңым тұр жасырынып.
Көңіліме көкпеңбек арман қонып,
Бірде жырға жасаймын жалған жорық.
Осылайша отырам бар ашуды,
Жазығы жоқ өлеңнен алған болып.
Көп сұрақты… көкірек тұсымды ала,
Көк – бел оймен көмкердім құшырлана.
…Мен көктемді жыр қылдым, көктемге емес,
Саған ғашық болғаным үшін ғана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу