Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  80


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Түлен түрткен...

Түлен түрткен,
Атың үріккен,
Қаптап кетті жатбауыр.
Беті қалың,
Жуан қарын
Мінер болса, атқа ауыр.
Бір ұрты бал,
Бір ұрты қан,
Жаңылғандар тобадан.
Жалғасқан соң
Жең ұшынан,
Бас шығармас жағадан.
Кеңес құрған
Кіл антұрған,
Көрген кісі не дейді?!
Абай айтқан
Бойы бұлғаң
Кейіпкерлер көбейді.
Бармақ басты,
Көз қыстыдан
Аяқасты болған көп.
Жадау-жүдеу,
Кімге тіреу,
Тұра алар ма қорған боп?!
Елдің іші –
Қалың орман,
Сиреп қалған секілді.
Қарғып ордан,
Шығар тордан
Сирек қалған секілді.
Іс жасамай
Бірге түк те,
Алды-артыңа қарамай,
Екі аяқты
Бір етікке
Тығып қойған заман-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу