Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  111


Автор: Ақылбек Шаяхмет

АТАМЕКЕН

Атамекен – туған жер,
Кіндік қанды жуған жер.
Көңіл көкпен астасып,
Бұлақ бастан тұнған жер.
Жалаңаяқ тас басып,
Белді бекем буған жер,
Жазатайым сүрінсең,
Тікен тізе сырған жер,
Жасыл шөпке жантайып,
Сауық-сайран құрған жер,
Жасы жетіп, қартайып,
Бабалар көз жұмған жер.
Шатыр тігіп, шеп құрып,
Қыпшақ қолы тұрған жер,
Жасанған, жау келгенде,
Найза, қылыш сынған жер,
Сала құлаш шоқпармен
Қақ маңдайдан ұрған жер,
Абылай хан ат басын
Тізгін тартып, бұрған жер,
Кенесары шайқасып,
Қазақ қоңыс қылған жер.
Арнаға су толған жер,
Құлындар тай болған жер,
Шілдесінде ыстықтап,
Қаңтарында тонған жер,
Көшті түзеп алған соң
Тұрақ тауып қалған жер,
Атқа ерді салған жер,
Қалағанды алған жер,
Кіндік қанды жуған жер.
Атамекен – туған жер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу