Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  84


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ШАЛЫ

Өмірдің шарықтаса тамаша əні,
Сəулеті өз бойына жарасады.
Ауылдың шетіндегі аласа үйде
Тұрады қазақтың бір қара шалы.
Ұлы жүр астанада оқып əлі,
Кемпір-шал туған жердің топырағын
Қия алмай, елмен бірге күнін кешіп,
Жалықпай малын бағып отырады.
Қарт қашан бұл күйбеңнен жалығыпты,
Таймаған тұғырынан, əлі мықты.
Уақыт жағасына жармасса да,
Келеді мойындамай кəрілікті.
Ұлының ата-анаға алғысы көп,
Кемпір де қыңқылдайды барғысы кеп.
Үйленіп алған бала мазалайды
Көшіріп өз қолына алғысы кеп.
Бауырмал жанды кімдер сағынбайды,
Отаудан шаттық күлкі арылмайды.
Кездейсоқ жолың түсіп бара қалсаң,
Жатсынбай, баласындай қабылдайды.
Ауылда оны барлық жан біледі,
Жыр қылып айтады өткен əңгімені.
Əдейі іздеп барып амандастым,
Құрдасы сəлем айта бар деп еді.
Қолға алып жан серігі – домбырасын
Шерткенде құмарыңды қандырасың.
Қара шал көзі сынды өткен күннің,
Сақтаған бабамыздың мол мұрасын.
Əркімдер түрлі-түрлі өмір сүрет,
Көргендей қалындығын бірінші рет,
Алған соң көңілденіп шүйкедей шал
Қарайды кемпіріне күлімсіреп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу