Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  74


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҚОЛТУМА ЖЫР

Кез келген жанға қолқабыс берер пейілі кең,
Қошемет жасап, қайырымы мол деймін мен.
Қол беріп маған тілдесіп жатса таныстар,
Қол бұлғап достар қалады ыстық мейіріммен.
Қаншама жандар жолықты жолда қолы ашық,
Қаншама жандар қол ұшын берді жаны ашып.
Қобалжып, бірақ, болғам жоқ жатқа қолжаулық,
Қол жетпес жерде жүрген де жоқпын адасып.
Қолымда қуат, тұрмаспын елге қол жайып,
Қысқаға қолы қайырым қылсақ бар ма айып?
Қиындық туып, қолбайлау болса қолайсыз,
Қолдарды, достар, бір қолдай қылып жалғайык.
Қалың қол-сынды қайратты болса қол деген,
Қасың да саған тұра алмас, сірə, көлдеңен.
Қолдаса мені, қол соқсын достар қуанып,
Қолтума жырды қойдым мен жазып қолменен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу