Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  69


Автор: Ақылбек Шаяхмет

МАШИНАЛАР

Көз тоқтатып көркіне, аял қылып,
Кең көшемен келемін баяу жүріп.
Тау баурайын, қаланың гүлзар бағын
Араласам деп едім жаяу жүріп.
Зуылдаған көліктер көшедегі,
Жылдамдығын неліктен еселеді.
Ұнағысы келді ме əлдекімге,
Сынағысы келді ме пешенені?!
Тоймай жатып өмірдің ғажабына,
Бара ма əлде асығып ажалына.
Болып қалса мүгедек жазатайым,
Төзе ала ма тағдырдың азабына.
Жүргіншіге жер шалғай, ара қашық,
Машиналар барады ала қашып.
Шопыр жігіт таң атпай такси мінген
Тізгінімен барады жағаласып.
Асықпайтын қалада бар ма көлік?
Уақытын қойғандай жалға беріп,
Мотор біткен ыңырсып, ыңыранып,
Жаяуларды кетеді шаңға көміп.
Тролейбус, трамвай, машина бар,
Адамдарды үздіксіз тасиды олар.
Тар жолға да сияды адам деген,
Ал кең жолға симайды машиналар.
Сен де осынау асығыс күйге ілесіп,
Əзер өтіп көшеден үлгіресің.
Астан-кестең дүния төңкерілер
Қалар болса бағдаршам бір күн өшіп.
Өкініші көп болар қапыл істің,
Табаны да мерт қылар нақұрыстың.
Қоян алған арбамен бабам қазақ
Білсе керек мəнісін асығыстың.
«Газдың иісі басты, –деп, – сахынамды», –
Көтереді дауысын ақын арлы.
Машинаның түр-түрін мінген пысық
Менсінбейді бұл күнде аты барды.
Бұл өмірдің жас жаным сырына алаң,
Қаперіне ала ма мұны ғалам?
Кей «пысықтың» екі қол, екі аяғы
Төрт доңғалақ секілді зымыраған.
Жатқан жоқпын жазғалы өтімді жыр,
Назарың сал, маған да бетіңді бұр.
Екі көзің – жарықта жаққан шамың,
Қарын болса бензобак секілді бір.
Қайран қалам кейде мен қазағыма,
Асыға ма, білмеймін, ажалына?
Төңірекке қарашы, аялдашы,
Дүнияның тоймайсың ажарына.
Уақытың аз ба, əлде, дос, ойланар,
Тарсыл-гүрсіл, у-шудан бас айналар.
Ұлан-асыр бəйгеде шулап өтіп,
Зулап өтіп барады машиналар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу