Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  78


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Көңіл жиі қоңылтақсып қалғанда...

Көңіл жиі қоңылтақсып қалғанда,
Биік болып көрінеді арман да.
Өр қиялым қанат қаға түседі,
Алдымдағы таулар аласарғанда.
Жаңа ғана жаным тыным тапқанда,
Қар борайды борандатқан ақпанда.
Көз бұлдырлап, көк көрінбей кетеді,
Жобалаумен кетіп бара жатқанда.
Алақұйын сезім тулап денемде,
Асыл ойым жатса бұғып тереңде.
Қатемді де бақыт қой деп түсіндім,
Барған сайын арман биіктегенде.
Қайғысы мен қуанышын тең бөлген,
Шақша басым екі ортада сеңделген.
Талай-талай сыбағамнан құр қаппын,
Достарым-ай, ақылдаспай сендермен.
Қабағымда айықпаған мұң барда,
Өкпені арту оңай шығар жылдарға.
Пəк күндерім, жарқын жастық күндерім,
Арашашы бола алмадыңдар ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу