Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  146


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Ұл əкесін, қыз анасын тыңдамай...

Ұл əкесін, қыз анасын тыңдамай,
Қайран, заман, кері кетіп тұрғаны-ай!
Бəрі «жетік», бірақ кетік қоғамда
Қаланатын кірпіш аз ба, бұл қалай?
Зəулім үйдің қабырғасы шайқалмай,
Іргетасы «бар!» деп, «жоқ!» – деп айта алмай,
Бірде бетін, бірде артын тосады
Мына жалған қылмаңдаған сайқалдай.
Тіршіліктің басқан сайын салмағы,
Аласарар арман-тауың алдағы.
Өткен күнің табандарға тапталар,
Жазудайын жаңа түскен қардағы.
Тау мұжылып, тас та үгілер кез болар,
Бəлкім, баяу, бəлкім, мүлдем тез болар.
Көрмесек те, көрінсе де көзге олар,
Өшпей жалғыз қасиетті сөз қалар.
Өмір көші тарта берер үдерген,
Төзімділер босап шығар шідерден,
Сол сөз үшін өмір сүрген ақынды
Бақытты деп білем мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу