Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  103


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҰЙЫҚТА, ДАЛАМ!

Ұйықта, далам, төбеңнен ай төнеді,
Ұйқылы-ояу қалғысын бəйтерегің.
Ұлың отыр барлаумен ой тереңін,
Ұйқыңды бұзса біреу, қайтер едім?!
Ұйықта, далам!
Ұйқыңды тау қорғасын,
Ұяңда ұрыс-керіс, дау болмасын.
Ұйыған сүтті шайқар жан болмасын,
Ұйтқыған жел денеңді тондырмасын.
Ұрықсат алып көктен, нұр ұстап қыр,
Ұйықта, далам!
Ұйықтай ғой дұрыстап бір.
Ұялшақ жұлдыз біткен жымың қағып,
Ұрымтал шақта ұлың да тыныстап тұр.
Ұлпа қарға оранды дала тағы,
Ұйықта, далам, ұзамай таң атады.
Ұйықта, далам,
Ұйқыңды қандырып ал,
Ұлы дүбір тағы да оятады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу