Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  89


Автор: Ақылбек Шаяхмет

САҚ БОЛЫҢДАР!

Сақ болыңдар!
Аулада ит бар қабаған.
Сөзден қорықтым,
Сескенгем жоқ мен одан.
Кім болды екен зəулім үйдің иесі
Жолайтпайтын қақпасына жан адам?
Ырылдаған төбеттерге жолыққам,
Онысы жай айбат екен, соны ұққам.
Абалаған қаншықтарға жолыққам,
Жүйкем тозып, кеткен миға толып қан.
Шəуілдеген қандендерге жолыққам,
Таң қалғанмын: «ықпады, - деп – алыптан».
Айтаққа ерген тазыларға жолыққам,
Сол кезде де шықпап едім қалыптан.
Ей, қожайын!
Сенбеген соң құлыпқа,
Иттен күзет қойдың ба, əлде, былыққа?
Жау жағадан алған сəтте, балақтан
Тартып жығар итің барын ұмытпа.
Сөзді шығын қылып тұрмын манадан,
Қандай жақсы қыл өтпесе арадан.
Əріптестер, жолаушылар, көршілер!
Көрінгенге абалаған, талаған,
Ал өздерін періштеге санаған
Іштеріңде боп жүрмесін қабаған?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу