Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  157


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ШЕКАРАШЫҒА ХАТ

Күзеткен туған үйдің босағасың,
Армысың, аманбысың, шекарашым?!
Ескерту ала баған жауға ғана
Бөлмейді ол сыйласқан дос арасын.
Өзен бе, таулар ма, əлде, асқаралы,
Туған жер осы арадан басталады.
Елі үшін құрбан болған боздақтарды
Еске алып көк жүзінен жас тамады.
Көз ілмей жауындарда, дауылдарда,
Жас жаның заставада дамылдар ма.
Жүрмісің аман-есен, шекарашым,
Хат жазып құрдастарға сағынғанда.
Ұшқан құс өзіңменен тілдесе ме,
Мазасыз ол да сендей күн кеше ме.
Қара көз есіңде ме қарындасың
Тұратын өзіңменен бір көшеде.
Шыңдалса шарболаттай шыдамың да,
Анаңның бесік жыры құлағыңда.
Артында – туған жерің, өскен елің,
Бұл жерден шегінбейсің бір адым да.
Көктемдей көңілінде мол-ау сенім,
Мəңгілік жүрегіңде сол əн сенің.
Өшпесін сырлы сазы əсем əнңің,
Мен-дағы ақ тілекшің болам сенің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу