Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  130


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Арым менің жаныммен ұйқасады...

Арым менің жаныммен ұйқасады,
Арым менің қаныммен ұйқасады.
Бұл ұйқасты балталап бұза алмайсың,
Осы ұйқаспен əн шалқып, күй тасады.
Жандар да бар тек қалқып, жүрсе шалқып,
Тірлігі үшін көретін малын артық.
Сондай жанның біреуін жырым менің
Жіберген-ді оңдырмай жаққа тартып.
Кете барған əлгі жан жағы жанып,
Бастық бопты ақынға «бағы жанып».
Кеудесінде жан-жарық шапалақтың
Қалған дейді қап-қара табы қалып.
Жұмысымда отырсам мен ерте кеп,
Өлеңімді тұрады көлеңкелеп.
Көлеңкеден шуаққа шығам ба деп,
Уақыт пен жүйкемді келем төлеп.
Қара бұлттың арасын жарып бүгін
Тағы шықты кеудемнен жарық күнім.
Жарық күнім – арымнан қуат алған
Жүрек жарды өлеңім – жарықтығым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу