Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  85


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҚАРЛЫҒАШ

Айырылған сыңарынан қарлығаштың
Көрдім мен жанарынан арылмас мұң.
Тамшы жас көрініске куə болған
Көзінен ағып түсті қарындастың.
Көтеріп көкке жыршы бұлбұл атын,
Ақындар жұп аққуды жыр қылатын.
Кім қалай айтар екен айнымайтын
Титімдей қарлығаштың бұл мұратын.
Мəн бермей айтылған сөз, дабырға да,
Жабысып ұзақ тұрды қабырғаға.
Серіксіз өмір мəнсіз, нəрсіз, сəнсіз,
Мұндайда дəрмен болар сабыр ғана.
Жарықтай жарып шыққан қара түннен,
Су сепкен жанған өртке қанатымен.
Жаралы жүректері жандар болса,
Пейілі қарлығаштың болатын ем.
Өмірдің кейде бізді шыжғыратын,
Білдік пе, білмедік пе біз мұратын?!
Қазағым құс қадірін ұққан екен,
Қоятын Қарлығаш деп қыздың атын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу