Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  97


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ТҮННЕН КЕЙІН

Тағы да бір түн өтті...
Қаламыздың берекесін қашырған,
Жиналмапты əлі қоқыс шашылған.
Сақшылар жүр, ал бұзық тұр тасада,
Екеуі де бірін бірі басынған.
Тып-тыныш түн болмайды енді ешқашан,
Мен мұндайды көрмеп едім жасымнан.
Түнгі такси бағдаршамды елемей,
Зулайды екен тоқтатпасаң тосыннан.
Аулашылар даңғырлатып арбасын,
Апыл-ғұпыл өтіп кетті қасымнан.
Абаламай, безіп кетіп барады
Бұралқы иттер сол дабырдан шошынған.
Орындықта отыр екі қаңғыбас,
Тағдыр айдап, ойда жоқта қосылған.
Бос шөлмектер, темекінің тұқылы,
Бойжеткен жоқ бозбалаға асылған.
Шашылыпты ағаштың да тұқымы,
Түндегі у-шу аз да болса басылған.
Таң да атып келеді...
Тек шыққан күн куə болып тұрғандай
Жұмбақ сырға түн қойнына жасырған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу